Қазақстанда автокөлікті тіркеу және жүргізуші куәлігін алу үшін емтихан тапсыру тәртібіне өзгерістер енгізіледі. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, жаңашылдықтар мемлекеттік қызметтерді жеңілдетіп, артық рәсімдерді қысқартуға бағытталған, деп хабарлайды ІІМ.
Енді автокөлік қайта жабдықталғаннан кейін оны бөлек тексерту міндетті болмайды. Ол үшін енгізілген өзгерістердің көлік қауіпсіздігіне сәйкестігін растайтын құжат болуы қажет. Жүргізуші куәлігін алуға арналған теориялық және практикалық емтихандарды қайта тапсыру тәртібі де өзгереді.
ІІМ түсіндіруінше, үміткер емтиханнан бірінші рет өте алмаса, оны келесі жұмыс күні қайта тапсыра алады. Екінші рет те сәтсіздікке ұшыраса, дайындалуға 10 күн беріледі. Ал теориялық немесе практикалық емтиханнан үш рет өте алмаған жағдайда, келесі қайта тапсыру ақылы болады.
"Бұл шара емтиханға қосымша дайындалу үшін енгізіліп отыр. Сонымен қатар теориялық емтиханды тапсырып, практикалық емтиханнан өте алмасаңыз, теориядан алған нәтижеңіз сақталады", – делінген министрлік хабарламасында.
Шетел азаматы жүргізуші куәлігін Қазақстанның куәлігіне ауыстырғысы келсе, алдымен теориялық емтихан тапсыруы керек. Бұдан бөлек, жауапты уәкілетті орган куәлік берілген елге ресми сұрау жолдайды. Құжаттың түпнұсқалығы сол елдің құзыретті органы арқылы расталғаннан кейін ғана жүргізуші куәлігі ауыстырылады.
ІІМ Әкімшілік полиция комитеті басқарма бастығының орынбасары Ақтоты Боранова бұл талап жалған құжаттарды пайдаланудың алдын алуға бағытталғанын атап өтті.
"Бұл – жалған құжаттардан қорғау шаралары. Өзіңізді және жақындарыңызды сақтаңыз!", – деді ол.