"Невропатологқа да кіре алмай отырмыз". Қазақстандағы емханалардың 15%-да дәрігер қабылдау кестесі жоқ

Фото: Depositphotos.com
Фото: Depositphotos.com
Министрлік Damumed жүйесін жетілдірмек.

Қазақстанда емханаларға жүргізілген тексеріс барысында медициналық ұйымдардың бір бөлігінде дәрігерлердің қабылдау кестесі жарияланбағаны анықталды. Соның салдарынан тұрғындар Damumed жүйесі арқылы дәрігерге өз бетінше жазыла алмай отыр. Денсаулық сақтау министрлігі мәселені шешу үшін ақпараттық жүйені жетілдіруді жоспарлап отыр, деп хабарлады 31 арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.

Еске салайық, қыркүйекте Денсаулық сақтау министрлігі қазақстандықтардың Damumed арқылы дәрігер қабылдауына өздігінен жазылу мүмкіндігін тексеретінін хабарлаған болатын. Алғашқы нәтижелер медициналық ұйымдардағы ережелер мен олардың іс жүзінде орындалуы арасында айырмашылық бар екенін көрсетті.

Емханалардың жұмыс тәртібі жаңартылғанымен, дәрігерге жолдамасыз жазылу мүмкіндігі барлық пациентке бірдей берілмейді. Мұндай мүмкіндік созылмалы аурулары бар, диспансерлік есепте тұрған адамдарға, жарақат алғандарға, дерматовенерологиялық бейіндегі пациенттерге, сондай-ақ қайта қабылдауға, акушер-гинеколог немесе психолог кеңесіне мұқтаж адамдарға қарастырылған. Алайда ережеде көрсетілген пациенттердің өзі кейбір медициналық ұйымдарда дәрігер қабылдауына жазыла алмайды. Тұрғындар алдымен терапевтке жазылып, кезегін күтуге, содан кейін ғана бейінді маманға қабылдау бар-жоғын анықтауға мәжбүр.

"Әкем инсульт алған. Невропатологқа да кіре алмай отырмыз. Оны емханаға апару үшін көлік пен адам іздеп, ақша төлеу керек. Ал біз міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға жарна төлейміз", – дейді тұрғындардың бірі.

Тағы бір тұрғын дәрігерге жазылу үшін алдымен терапевттің қабылдауын күтіп, содан кейін ғана бейінді маманға кезек алуға тура келетінін айтты. Оның сөзінше, талдаулар тапсыру жағынан жағдай біршама жақсы.

Денсаулық сақтау министрлігінің медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің бас сарапшысы Айдана Желібаева емханаларға тұрақты мониторинг жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

"Біз екі апта сайын мониторинг жүргізіп, нәтижелерін талдаймыз. Қазақстан бойынша алғашқы медициналық-санитариялық көмек деңгейінде пациенттерді қабылдауға арналған 14 365 учаске бар. Соның 10 743-інде, яғни 74,5 пайызында қабылдау кестесі 60 күнге дейінгі мерзімге жасалған. Ал 15 пайызында кесте жоқ. Бұл емханалармен мониторинг жұмысы жүргізіліп жатыр", – деді ол.

Мамандардың пікірінше, алғаш рет дәрігерге жүгінген пациенттер алдымен жалпы практика дәрігеріне қаралуы керек. Ал бейінді маманға жолдамамен немесе жолдамасыз жазылу тәртібі нақты ажыратылуға тиіс.

Денсаулық сақтау саласының сарапшысы Вячеслав Локшин дәрігер қабылдауына алдын ала жазылу тәжірибесін қолдайтынын айтты. Дегенмен шұғыл медициналық көмек қажет жағдайларды ескеру маңызды екенін атап өтті.

"Алдын ала жазылу – жаман тәжірибе емес. Бірақ оның қалай жұмыс істейтінін пилоттық жоба арқылы тексерер едім. Көзге немесе ЛОР ағзаларына жарақат түскен сияқты шұғыл жағдайларда пациент дәрігерге жедел қаралуы керек. Ал медициналық көрсетілім болмаса, бейінді маман қабылдаудан бас тартуға құқылы", – деді сарапшы.

Министрлік ақпараттық жүйені жетілдіріп, пациент дәрігерге жазыла алмаған жағдайларды тіркеуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар жолдаманы сақтап, учаскелік дәрігерге қайта бармай-ақ қабылдаудың басқа күнін таңдау мүмкіндігі қарастырылып жатыр.

Серіктестер жаңалықтары

Подтверждение Email

Для возможности отправлять комментарии и оформить подписку вам необходимо подтвердить ваш адрес электронной почты. Письмо с ссылкой для подтверждения было отправлено на . Пожалуйста, проверьте свою папку "Входящие" или "Спам".

Телефон нөмірін растау