Қаржылық мониторинг агенттігі Перизат Қайраттың туысы Дубайдан бірнеше пәтер сатып алғаны туралы ақпаратты тексеріп, жылжымайтын мүлік қайырымдылыққа жиналған ақшадан алынған деген болжам расталмағанын мәлімдеді.
Агенттік бұл ақпараттың анонимді Telegram арналардың бірінде таралуына байланысты тексеру жүргізген. ҚМА мәліметінше, тергеу барысында қаржылық операциялар жан-жақты талданып, жымқырылған қаражатты заңдастыру тізбегі анықталған.
"Қаржылық мониторинг агенттігі аталған адамдардың жылжымайтын мүлікті П. Қайраттың қылмыстық жолмен тапқан ақшасына сатып алуы мүмкін деген болжамды тексерген. Алайда бұл болжам расталмады. Тергеу барысында барлық қаржылық операциялар жан-жақты талданып, жымқырылған ақшаны заңдастырудың бүкіл тізбегі анықталды", – деп хабарлады ведомство.
ҚМА Перизат Қайраттың су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету үшін жиналған қаражатты қалай жұмсағанын да еске салды.
"Перизат Қайрат қайырымдылыққа жиналған ақшаны иемденіп, оны автокөліктер мен пәтерлер сатып алуға, пәтерлерді жөндеуге және жиһазбен жабдықтауға, қымбат брендтердің киім-кешегі мен әшекей бұйымдарына, бизнес-класпен ұшуға, сәнді қонақүйлерде тұруға, мейрамханалар мен ойын-сауық орындарына жұмсаған", – деп мәлімдеді агенттік.
Ведомствоның хабарлауынша, тексеру барысында Перизат Қайраттың туысы оның отбасы мүшелерімен қаржылық есеп айырысу жасамағаны анықталған.
Оқи отырыңыз: Перизат Қайраттан тәркіленген Lexus арнайы органдарға берілді, бірақ оны кім мінетіні құпия
ҚМА мәліметінше, жарияланымдарда сөз болған жылжымайтын мүлік 2011–2019 жылдары, яғни Biz Birgemiz Qazaqstan 2030 қоры құрылғанға және Перизат Қайрат қылмыстық әрекетке кіріскенге дейін сатып алынған. Агенттік аталған ерлі-зайыптылардың 20 жылдан астам уақыт бойы жылжымайтын мүлік сатып алып, қайта сатумен айналысып келе жатқанын хабарлады. Сондай-ақ олар Перизат Қайрат пен оның анасынан бөлек тұрып, кәсіпкерлік қызметін дербес жүргізген.
ҚМА Қылмыстық-процестік кодекстің 161-бабына сәйкес, мүлікті бұғаттау және тәркілеу үшін оның қылмыстық жолмен алынғанын растайтын дәлелдер болуы қажет екенін атап өтті. Ведомствоның түсіндіруінше, күдіктілермен туыстық байланыстың болуы өздігінен адамды қылмыстық жауапқа тартуға немесе оның мүлкін тәркілеуге негіз бола алмайды.