2026 жылдың алғашқы тоғыз айында Қазақстанда мүгедектігі бар адамдар мен арнаулы әлеуметтік қызмет алушылардың құқықтарын сақтау бойынша 913 тексеру жүргізілді. Нәтижесінде жалпы сомасы 67 млн теңгеден асатын 290 айыппұл салынып, заңбұзушылықтарды жою туралы 625 нұсқама берілді. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.
Тексеруді министрліктің Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің аумақтық департаменттеріндегі мемлекеттік әлеуметтік инспекторлар жүргізген.
Тексерулердің 335-і жоспардан тыс ұйымдастырылса, 452-сі профилактикалық бақылау аясында өтті. Тағы 126 тексеру прокуратураның талабы бойынша жүргізілген. Бақылау шаралары еліміздің барлық өңірін қамтыды.
Тексеру ең көп жүргізілген өңірлер:
- Алматы облысы – 110 тексеру;
- Алматы қаласы – 81;
- Астана қаласы – 79;
- Түркістан облысы – 63;
- Батыс Қазақстан облысы – 56.
Әлеуметтік инспекторлар мүгедектігі бар адамдарға арналған ортаның қолжетімділігі мен қауіпсіздігін, арнаулы әлеуметтік қызметтердің көрсетілуін, әлеуметтік және көлік нысандарының талаптарға сәйкестігін, сондай-ақ оңалту шараларының орындалуын тексереді.
Оқи отырыңыз: "Невропатологқа да кіре алмай отырмыз". Қазақстандағы емханалардың 15%-да дәрігер қабылдау кестесі жоқ
Министрлік түсіндіруінше, қолжетімді орта ғимаратта пандус пен тұтқалардың болуымен ғана шектелмейді. Мүгедектігі бар адам нысанға кедергісіз кіріп, оның ішінде еркін қозғалып, қажетті қызметтерді қауіпсіз әрі қиындықсыз алуы керек. Ол үшін қозғалыс бағытының барлық бөлігі қолжетімділік талаптарына сай болуы қажет.
Мемлекеттік бақылаудың мақсаты – заңбұзушылықтарды анықтап қана қоймай, оларды жоюға және азаматтардың құқықтарын қорғауға ықпал ету. Егер азамат арнаулы әлеуметтік қызмет алу кезінде құқықтарының бұзылғанын байқаса немесе қандай да бір нысанға қол жеткізуде қиындыққа тап болса, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қарасты Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің аумақтық департаментіне жүгіне алады.
Өтініште нақты нысанды көрсетіп, қандай мәселе туындағанын сипаттау ұсынылады.