Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі inDrive сервисіне монополияға қарсы заңнаманы бұзуы мүмкін әрекеттерге жол бермеу туралы алдын ала ескерту жолдады. Бұған 11 қазанда "Яндекс Go" сервисінің уақытша істен шығуынан кейін такси бағасының күрт өскені туралы ақпарат себеп болған.
Агенттіктің мәліметінше, "Яндекс Go" сервисі уақытша қолжетімсіз болған кезде пайдаланушылар балама платформаларға жаппай ауысқан. Соның салдарынан inDrive қызметіне сұраныс айтарлықтай артып, кейбір сапарлардың құны үш есеге жуық өскен.
inDrive платформасында жол жүру құны жолаушы мен жүргізушінің өзара келісімі бойынша белгіленеді. Алайда бос көліктердің тапшылығы жүргізушілер ұсынған тарифтердің едәуір көтерілуіне әсер еткен. Бұған дейін inDrive компаниясы жағдайды тұрақтандыру үшін сервис комиссиясын міндетті салықтарды жабуға жеткілікті ең төменгі деңгейге дейін төмендеткенін хабарлаған. Сондай-ақ компания баға бойынша саудаласудың шекті ауқымына қатысты шектеулер енгізген.
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Қазақстандағы такси агрегаторлары нарығында шоғырлану деңгейі жоғары екенін атап өтті. Мұндай жағдайда қызметтердің қолжетімділігін сақтау және жол жүру құнының негізсіз өсуіне жол бермеу тұтынушылардың құқықтарын қорғауда маңызды рөл атқарады. Халықаралық тәжірибеде төтенше жағдайлар мен күтпеген оқиғалар кезінде тарифтердің күрт өсуін шектеуге арналған тетіктер қолданылады.
ҚР Кәсіпкерлік кодексінің 174-бабына сәйкес, тұтынушылардың айқындалмаған тобының заңды құқықтарына нұқсан келтіретін нарық субъектілерінің әрекеттерінде бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманы бұзу белгілері болуы мүмкін. Осыған байланысты Агенттік Кәсіпкерлік кодекстің 198-бабының 1-тармағына сәйкес inDrive сервисіне жазбаша алдын ала ескерту жолдаған.
Ведомство бұл шараның алдын алу сипатында екенін атап өтті. Ескерту ықтимал құқық бұзушылықтардың алдын алуға, тұтынушылардың құқықтарын қорғауға және такси агрегаторлары нарығында адал бәсекелестікті қамтамасыз етуге бағытталған.
"Яндекс" таксиі мен жеткізу қызметінде ақау шықты: министрлік түсініктеме берді
Яндекс Go қосымшасында енді жол ақысының неден құралғанын білуге болады