Шымкентте Қайрат Нұртастың концерті кезінде үш адам қаза тапты деген жалған ақпарат таратқан әйел анықталды. Полиция оған қатысты материалдарды сотқа жолдады. Бұл туралы қалалық полиция департаменті хабарлады.
Полицияның мәліметінше, әйел әлеуметтік желіде концерт кезінде болған жағдайға қатысты шындыққа сәйкес келмейтін ақпарат жариялаған.
Желіде тараған жазбада концертте үш адам қаза тауып, 50 адамның аяғы сынғаны және тағы 100 адамның жарақат алғаны айтылған. Сондай-ақ 6 мың адамның концерт алаңының қақпасын бұзып кіргені туралы мәлімет келтірілген.
Құқық қорғау органдары бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.
"Полиция қызметкерлері жүргізген іс-шаралар нәтижесінде әйелдің жеке басы анықталды. Оған қатысты тиісті материалдар жинақталып, заңда белгіленген тәртіппен қарау және шешім қабылдау үшін сотқа жолданды", – деп хабарлады ведомство.
Әзірге соттың қандай шешім қабылдағаны белгісіз.
Еске салайық, 10 қазанда Шымкенттегі Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы стадионда өткен Қайрат Нұртастың концерті кезінде адамдардың шамадан тыс жиналуынан 18 жастағы қыз жарақат алып, ауруханаға жеткізілген.
Полицияның алдын ала мәліметінше, сатылған билеттер саны стадионның рұқсат етілген сыйымдылығынан бірнеше есе асып кеткен. Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды. Концертті ұйымдастырушылардың бірі – 1984 жылы туған азамат уақытша ұстау изоляторына қамалды.