Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев амандасу әдебін ұлттық құндылықтарға сай дамыту жөнінде тапсырма бергеннен кейін Оқу-ағарту министрлігінің Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы жұмыс тобын құрып, оған ғалымдар, сарапшылар, азаматтық қоғам өкілдері енген. Бұл туралы оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың құрылтай депутаты Ерлан Сайырға берген жауабынан белгілі болды.
"Білім алушылардың амандасу әдебіне байланысты әдістемелік ұсынымдар әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. Аталған ұсынымдардың мазмұнында білім беру процесіне қатысушылардың, мүдделі тараптардың, мемлекеттік органдардың ұсыныстары мен пікірлері ескерілетінін және депутаттармен қосымша талқыланатынын атап өтеміз", – делінген министрдің жауабында.
Еске салайық, президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда жаңа жүріс-тұрыс әдебі мен қоғамдық мәдениет қалыптастыру қажеттігін айтқан болатын.
"Жастардың, егде адамдардың жүріс-тұрысына қарап, байырғы дәстүрлі құндылықтарымызға оралу қажет деген шешімге келдім. Ер адамдардың бір-бірін құшақтап, сүйіп амандасуы, сәлемдесу барысында әйелдердің еркектерді, еркектердің әйелдерді бетінен сүюі дұрыс емес", – деген болатын мемлекет басшысы.
Президент сөзінен кейін депутат Ерлан Сайын Құрылтай мінберінде мектепте амандасу әдебін күнделікті тәрбие жұмысының тұрақты элементі ретінде енгізуді ұсынды.
Оқи отырыңыз:
"Адамның тәні мен жеке кеңістігі – құрметтелуге тиіс аманат". Бас мүфти сәлемдесу әдебі жайлы
Депутаттар амандасу әдебін мектептегі тәрбие жұмысына енгізуді ұсынды