Тікелей эфир

Алматы облысындағы колледжде студенттер ғимаратты әрлеу жұмысына тартылған

Бейнежазбада студенттердің қабырғаларды ақтап, батареяларды сырлаған, асхана жабдықтарын тазалап отырған сәтін көруге болады.

Алматы облысында Талғар агробизнес және менеджмент колледжі студенттерінің ғимаратқа ішкі әрлеу жұмыстарын жүргізіп жатқан бейнежазбасы тарады, деп хабарлайды 31-арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Бейнежазбада студенттердің қабырғаларды ақтап, батареяларды сырлаған, асхана жабдықтарын тазалап отырған сәті түсірілген.

Асхана меңгерушісі нысанда тазалық жұмыстары жүргізілгенін, бірақ оған студенттер қатыспағанын айтты.

"Бұл жерді сүріп-тазалау үшін Алтын орда базарынан екі Қарақалпақстан азаматын алып келдім. Әрқайсысына 15 мың теңгеден төледім", – деді асхана меңгерушісі Қуатбек Мырзагелдиев.


Оқи отырыңыз: Қазақстанда колледж студенттерінің стипендиясы 50% көбейді


Колледж директоры студенттерді сабақ уақытында жұмысқа тартпағандарын айтты. Студенттер тек сенбілік кезінде өзі білім алатын оқу ордасының маңайын тазалауға шығып тұрады.  

"Мұндай тазалау жұмыстары сенбілікте, ара-арасында болып тұрады. Мына жерде өздерінің ұстаздары қызмет етіп жатыр, оларға неге келіп көмектеспеске? Балаларды еңбекке баулудан ешқандай әбестік көріп тұрған жоқпын", – деді Талғар агробизнес және менеджмент колледжінің директоры Динара Бұларбекқызы.

Директордың айтуынша, бұл жерде қысым немесе мәжбүрлеу болған жоқ. Көмектесуге ниетті әр мұғалім, не студент қалауынша қол ұшын созуға құқылы.

Серіктестер жаңалықтары