Mini Knopka лақап атымен танымал блогер Әйгерім Бердалиева әлеуметтік желідегі жазбасында қала көшелерінің қазақша атауын менсінбей, ескіше, кеңестік атауларымен атайтынын жазып, басы дауға қалды.
Ол бұл жазбасында нағыз алматылықтар көшелерді Достық, Назарбаев, Наурызбай батыр, Желтоқсан емес, Ленин, Фурманов, Дзержинский, Мир, Виноградов, Комсомольская деп атайтынын жазады. Бұл жазба желі қолданушылардың наразылығын тудырды.
Әйгерім Бердалиева мұның алдында Eurasian Fashion Week халықаралық сән аптасын ұйымдастырушылармен серіктесіп, оның фотосы Достық көшесіндегі билбордтарға ілінген болатын. Оны блогердің өзі сүйіншілеп жазған, алайда көше атауын Достық емес, Ленин деп жазған болатын. Дау, міне, осыдан басталған.
Алайда, Eurasian Fashion Week өз серіктесінің емес, желі қолданушылардың ұстанымын құптайтынын жеткізді. Сөйтіп, блогердің суретін билбордтардан алып тастау жөнінде шешім қабылдаған.
"Қалыптасқан жағдайға байланысты шын жүректен кешірім сұраймыз. Eurasian Fashion Week блогердің айтқан пікірлеріне ешқандай қатысы жоқ екенін және оның жеке парақшасында білдірген ұстанымын қолдамайтынын ресми түрде мәлімдейміз. Жағдайдан хабардар болған бойда блогердің қатысуымен дайындалған барлық материалды Алматыдағы экрандар мен билбордтардан алып тастау туралы шешім қабылдадық", – делінген ұйымдастырушылардың мәлімдемесінде.
Осыдан соң блогер Әйгерім Бердалиева өз кінәсін мойындап, желі қолданушыларынан кешірім сұрады және шулы жазбасын өшіріп тастағанын мәлімдеді.
Қазақ тілі ChatGPT платформасындағы ең белсенді тілдердің бірі – Жұлдыз Сүлейменова
"Иншалла", "машалла": Қазақ тілінің араб-парсы сөздерден тазаруы жүріп жатыр ма