2024 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша ерікті қоныс аудару шеңберінде жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру үшін жұмыс күші артық өңірлерден жұмыс күші тапшы өңірлерге 4 869 адам, оның ішінде 1 891 қандас және 2 978 қоныс аударушы көшіп келді, деп хабарлады Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
Бағдарлама аясында шетелден қанша адам келді:
- Өзбекстаннан – 631 адам;
- Моңғолиядан – 616 адам;
- ҚХР – 472 адам;
- Ресейден – 110 адам;
- басқа елдерден – 62 адам.
Қазақстан ішіндегі көші-қон:
Қоныстандыру өңірлері бөлінісінде Павлодар облысына – 2036 адам, Солтүстік Қазақстан облысына – 1163 адам, Қостанай облысына – 540 адам, Шығыс Қазақстан облысына – 402 адам, Абай облысына – 362 адам, Ақмола облысына – 285 адам, Қарағанды облысына – 43 адам, Ұлытау облысына – 38 адам қоныс аударды.
Оқи отырыңыз: Қазақстан аумағында 14 мың шетел азаматы жұмыс істеп жүр
"Барлық қоныс аударушыларға мемлекеттік қолдау шаралары көрсетілді. Осы жылдың соңына дейін 9483 адамды көшіру жоспарланып отыр", – делінген министрліктің хабарламасында.
Ерікті қоныс аудару аясында қоныс аударушыларға мемлекеттік қолдаудың мынадай шаралары ұсынылады:
- отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК мөлшерінде көшуге арналған бір реттік субсидия;
- отбасы мүшелері саны мен елді мекенге байланысты 15-тен 30 АЕК-ке дейінгі мөлшерде 12 ай ішінде тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге ай сайынғы субсидиялау;
- қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға жолдама;
- жұмысқа орналасуға немесе кәсіпкерлік бастаманы дамытуға жәрдемдесу;
- экономикалық ұтқырлық сертификаттарын беру.
Бұдан басқа, өңіраралық қоныс аударуға жәрдем көрсететін жұмыс берушілерге тұрғын үймен қамтамасыз етілген және кемінде 2 жыл мерзімге тұрақты жұмысқа қабылданған әрбір қызметкер үшін 400 АЕК мөлшерінде жұмысқа орналасуға біржолғы субсидия беріледі.