Алматыда 23 тамызда, Құрылтай депутаттарын сайлау өтетін күні, қоғамдық көлікте жол жүру тегін болады. Бұл туралы Алматы қаласының Жол қозғалысы және жолаушылар көлігін ұйымдастыру басқармасы мәлімдеді.
Басқарма мәліметінше, сайлау күні қала тұрғындары мен қонақтарына қолайлы жағдай жасау мақсатында қоғамдық көлікте тегін жол жүру енгізіледі.
"Осы күні автобустар, троллейбустар және метро қоса алғанда, қалалық қоғамдық көліктің барлық бағытында жол жүру ақысы алынбайды. Тегін жол жүру мүмкіндігі қала ішінде еркін қатынауды қамтамасыз ету және дауыс беру учаскелеріне жетуді жеңілдету мақсатында ұйымдастырылып отыр", – делінген хабарламада.
Басқарма өкілдері Алматы тұрғындары мен қала қонақтарын сапарын алдын ала жоспарлап, дауыс беру күні қоғамдық көлікті пайдалануға шақырды.