Тікелей эфир

2023 жылы "Күміс жас" жобасына қатысушыларға қанша субсидия бөлінеді?

Жоба аясында жыл сайын 15 мың адамды қамту жоспарланған.

2023 жылғы 1 қаңтардан бастап "Күміс жас" жобасына қатысушылардың контингенті мен қатысу кезеңі артады. Оған 50 жасқа толған қазақстандықтар 36 айға дейін қатыса алады, деп хабарлады Еңбек министрлігі.

"Қолданыстағы қағидаларға сәйкес, жоғарыда көрсетілген жобаны іске асыру шеңберінде жұмыс берушілер мемлекеттен белгіленген жалақы мөлшерінің 50%-ына субсидия (бірақ 30 айлық есептік көрсеткіштен көп емес) ала отырып, зейнеткерлік жасқа дейінгі (58 жастан бастап) адамдарды жұмысқа орналастыру үшін жұмыс орындарын құрады. Бұл ретте жұмыстың ұзақтығы 12 айдан аспайды" делінген ресми хабарламада.

2023 жылдан бастап "Күміс жас" жобасына қатысушылар контингентіне 50 жастан асқан жұмыссыз азаматтар енгізіледі, қатысу мерзімі 36 айға дейін, сондай-ақ қатысушылардың жалақысы бойынша субсидиялар мөлшері ұлғайтылады.


Оқи отырыңыз: 2023 жылдан бастап "Күміс жас" жобасына 50 жастан асқандар да қатыса алады


Субсидиялар мөлшері:

  • жұмыстың бірінші жылында жалақының 70%-ы (бірақ 30 АЕК-тен аспайды);
  • жұмыстың екінші жылында жалақының 65%-ы (бірақ 30 АЕК-тен аспайды);
  • жұмыстың үшінші жылында жалақының 60%-ы (бірақ 30 АЕК-тен аспайды).

Сонымен қатар жоба аясында "жеке көмекші" және "әлеуметтік қызметкер" кәсіптері бойынша жұмыс орнын алу мүмкіндігі беріледі.

"Күміс жас" жобасын іске асыру шеңберінде жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларымен жыл сайын кемінде 15 мың адамды қамту жоспарланған.

Серіктестер жаңалықтары