Нұр-Сұлтан әкімі Алтай Көлгінов алдағы мерекелерді отбасымен өткізуге және халық көп жиналатын орындарға бармауға кеңес берді.
"Жаңа жыл қарсаңында көптеген адамдардың сауда орталықтарына баратыны белгілі. Мұнда халықтың көп жиналуына жол бермеу үшін ірі гипермаркеттер мен супермаркеттерді тәулік бойы жұмыс істеуін қарастырып отырмыз. Сонда адамдар сағат 20:00-ге дейін тауар алып үлгеруге асықпайды. Бұл мәселені қазір талқылап жатырмыз және жақын арада нақты шешімді жариялаймыз", – деді әкім.
Оның айтуынша, бұл мәселе санитарлық дәрігерлермен және сауда орталықтарының басшыларымен бірге талқыланады.
Оқи отырыңыз: Тұрғын үй кезегіне қалай тұруға болады? Нұсқаулық
"Қаланы жабу жоспарланып отырған жоқ. Бірақ, коронавирус жұқтыру оқиғалары көбейсе, қосымша карантин шаралар болуы мүмкін. Аса сақ болып, санитарлық нормаларды сақтау қажет. Сонда ғана еш шектеу шаралары болмайды", – деді ол.
Пандемия кезеңінде Нұр-Сұлтан әкімдігі 43 миллиард теңгені оңтайландырып, қажетті салаларға бағыттады.
"Пандемияның жағымсыз салдары болды, әсіресе одан шағын және орта бизнес зардап шекті. Жергілікті бюджетке жыл басында болжанған түсімдер толық түспеуі мүмкін. Мемлекет ШОБ субъектілерін қолдау үшін жеңілдіктер жасады, сондықтан жыл соңына қарай шамамен 47 млрд теңге біздің бюджетке түспейді деген болжам бар. Корпоративті табыс салығы бойынша да жыл басында төленуі тиіс 10 млрд теңгеден астам қаражат түспеуі мүмкін. Осыған байланысты, Мемлекет басшысының тапсырмасымен Нұр-Сұлтан әкімдігінің жергілікті бюджетін 43 миллиард теңгеге оңтайландырдық", – деді әкім.
Үнемделген қаражат ең алдымен Covid-19 індетімен күреске, денсаулық сақтау жүйесін дамытуға, дәрі-дәрмек пен медициналық жабдықтар сатып алуға жұмсалған.
"Білім беру жүйесін дамытуға да көңіл бөлдік, себебі қашықтан оқыту форматы үшін аз қамтылған отбасы балаларына ноутбуктер мен роутерлер қажет болды. Әрі қарай әлеуметтік көмек көрсетуге, экономиканың нақты секторын қолдауға, инфрақұрылымды дамытып, тұрақтандыру қорын толтыруға мән бердік", – деді Алтай Көлгінов.
Айтуынша, қазіргі таңда елордада 176 адам ем алып жатыр. Салыстыру үшін: жаз айларында бір күнде 3 911 адам ем алған кез болған. Бірақ, әрі қарай да бұл жұмысты күшейтілген түрде қадағалап отыру қажет екенін айтады.
Жыл басында ПТР тестілеу бойынша бір ғана зертхана болса, қазір оның саны 17-ге дейін артқан.
Оқи отырыңыз: "Коронавирус бағдаршамы". Қызыл, сары, жасыл аумақтар түрлі елде нені білдіреді?
"Тестілеу уақыты бойынша, жаз айларында жүктеме күшейгенде 5 күнге дейін күтуге тура келетін. Қазір зертханалардың қуаты артып, тест нәтижесі 4 сағатта беріліп жатыр. Стационарларда изотермиялық мини-зертханалар орнаттық, олар стационарда емделіп жатқан науқастардың тестілеу нәтижесін екі сағатта көрсете алады", – деп түсіндірді Алтай Көлгінов.
Тұрғын үй сертификаты сомасы 1,5 миллион теңгеге дейін артады
Әкімнің айтуынша, тұрғын үй сертификатын алатын адамдардың санаты кеңейтілген. Бұған дейін тек 3 санатқа кіретін азаматтар ғана алса, енді әкімдік кезегінде тұрған барлық 9 санатқа алғашқы жарнаның сертификаты беріледі.
"Демек 1 миллион теңге көлеміндегі сертификатты барлығы алады. Ал келесі жылдан бастап біз оның сомасын 1,5 миллион теңгеге дейін көтереміз. Осылайша баспана кезегінде тұрған адамдар 1,5 миллион теңгенің сертификатын алады", – деді Көлгінов.
Оқи отырыңыз: Елордада жалдамалы пәтерге құжат қабылдау басталды. Пәтердің жалпы саны – 659
Айта кетейік, бұған дейін тұрғын үй сертификаты толық емес, көпбалалы және мүгедек бала бағып отырған отбасыларға берілген. Енді баспана кезегінде тұрғандардың барлығы алады. Олар:
- жетім балалар;
- I және II топ мүгедектері; зейнеткерлер;
- ҰОС ардагерлері және оларға теңестірілгендер;
- мемлекеттік, қоғамдық немесе әскери тапсырма орындау кезінде қаза болғандардың отбасылары;
- экологиялық апат кезінде, табиғи немесе техногендік ТЖ кезінде баспанасынан айырылғандар;
- бөтен елдердің аумағында ұрысқа қатысқандар; "Алтын алқа", "Күміс алқа" иегері немесе ертеде "Батыр ана" атағын алған көпбалалы аналар;
- I және II дәрежелі "Ана даңқы" орденімен марапатталғандар.
Тұрғын үй сертфикаттары "Шаңырақ" (5-10-20) жобасына қатысу үшін беріледі.