Тікелей эфир

Тұрғын үй кезегіне қалай тұруға болады? Нұсқаулық

Сурет depositphotos.com сайтынан алынды
Сурет depositphotos.com сайтынан алынды
Кезекке қою кезінде және соңғы 5 жылда азаматтың және оның отбасы мүшелерінің меншік құқығында үй болмауы тиіс

Азаматтардың қандай санаттарына мемлекеттен тұрғын үй берілуі мүмкін?

  • Ұлы Отан соғысының мүгедектеріне және қатысушылары;
  • жетiм балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
  • "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен марапатталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, сондай-ақ, I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен марапатталған көпбалалы аналар, көпбалалы отбасыларға жататын ҚР азаматтары; (Азаматтардың аталған санаттарының жиынтық орташа айлық кірісі тұрғынжай беру туралы өтініш жасар алдындағы соңғы 12 айда отбасының әрбір мүшесіне шаққанда ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,1 еселенген мөлшерінен төмен болуы тиіс);
  • халықтың әлеуметтік жағынан аз қамтылған топтары;
  • мемлекеттік қызметкерлер, бюджеттік ұйым қызметкерлері, әскери қызметкерлер, ғарышкерлікке үміткерлер және мемлекеттік сайлау лауазымындағылар;
  • ҚР заңнамасында белгіленген тәртіпте жалғыз баспанасы апатты жағдайда деп танылған азаматтар.

Оқи отырыңыз: Тұрғын үй бағдарламалары көбейді. Биыл баспаналы болудың 11 мүмкіндігі

Халықтың әлеуметтік жағынан аз қамтылған тобына кімдер кіреді?

  • Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушылары;
  • Мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеуші отбасылар;
  • Кейбiр созылмалы аурулардың ауыр түрлерiмен ауыратын адамдар;
  • Жасына қарай зейнет демалысына шыққан зейнеткерлер;
  • Жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
  • Көпбалалы отбасылар;
  • Толық емес отбасылар;
  • 1 және 2 топтағы мүгедектер;
  • Оралмандар;
  • Экологиялық зiлзалалар, табиғи және техногендi сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан тұрғын үйiнен айырылған адамдар;
  • Мемлекеттiк мiндеттерiн орындау кезiнде қаза тапқан (қайтыс болған) адамдардың отбасылары.

Оқи отырыңыз: "5-10-20" жаңа тұрғын үй бағдарламасы. Артықшылықтары мен шарттары қандай?

Отбасыға қосымша баспана ұсынылатын аурулар тізімі:

  • Тұлғаның психотикалық симптоматикасы және айқын өзгерістері бар психикалық аурулары. Мұндай жағдайда науқас пен айналасындағылардың бірге тұруы мүмкін емес;
  • Аяқ-қол және жамбас мүшелері қызметінің ауыр бұзылуы, орталық жүйке жүйесінің органикалық және жарақаттан кейінгі зақымдануы;
  • Нәжістік, зәрлік және қынаптық жыланкөздер, зәр қабының стомасы, табиғи емес анус;
  • Бронхылы демікпенің ауыр формасы, үздіксіз қайталанатын жиі ұстамасы бар ағымы, қиындаған ІІІ деңгейлі тыныс жеткіліксіздігі;
  • Қозғалыс қызметтерінің бұзылуы, тұқым қуалаушылықтығ алға басушы жүйке-бұлшықет дистрофиясының ауыр түрі;
  • Қант диабетінің І түрі, ауыр нысаны.

Оқи отырыңыз: 2020 жылы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен кім үй ала алады?

Тұрғын үйге кезекке тұру үшін құжаттарды қайда тапсыру қажет?

Мұның екі жолы бар:

  1. "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" коммерциялық емес акционерлік қоғамы құжаттардың толық пакетін ұсынуы қажет;
  2. "Электрондық үкімет" порталы арқылы қажет құжаттарды тіркеп, электронды цифрлық қолтаңба қою қажет.

Оқи отырыңыз: Балаларға арналған баспана. Жаңа "Арнау" тұрғын үй депозитінің артықшылықтары қандай?

Мемлекет ұсынатын тұрғын үй көлемі қандай болуы мүмкін?

"Тұрғын үй қатынастары туралы" заңның 75-бабының 1-тармағына сәйкес, мемлекеттен тұрғын үй бір адамға пайдалы ауданның 15 шаршы метрден кем емес және 18 шаршы метрден артық емес, бірақ бір бөлмелі пәтерден немесе жатақханадағы бөлмеден артық емес мөлшерде ұсынылуы мүмкін.

Егер отбасында жоғарыда көрсетілген аурулармен ауыратындар болса, онда оларға жеке бөлме ұсынылады. Сондай-ақ, алынатын пәтердің ауданы егер отбасында жүктілігінің мерзімі 22 аптадан артық жүкті әйел болса, үлкен болуы мүмкін.

"Тұрғын үй қатынастары туралы" заңның 76-бабына сәйкес, ұсынылатын тұрғын үйдің тұрмысқа жайлы болуы, қала сызбасында орналасуы және мүгедектерге арналған қажетті шарттарды ескерген болуы тиіс.

Оқи отырыңыз: 60 млрд теңге жеңілдетілген несие. Биыл "Әскери баспанамен" кімдер үй ала алады?

Тұрғын үйге кезекке тұру үшін қандай құжаттар қажет?

  1. есепке қою туралы өтініш;
  2. жеке басын куәландыратын құжат;
  3. халықтың әлеуметтік жағынан аз қамтылған топтары (жетім балаларды, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды және мүгедек балаларды қоспағанда) ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,1 еселенген мөлшерін растайтын жиынтық табысты есептеу бойынша анықтаманы ұсынады. Сәйкесінше, отбасының бір мүшесіне шаққандағы табыс көзі 96 668 теңгеден аспауы тиіс (анықтаманы ХҚКО береді);
  4. неке қию/бұзу, жұбайының (зайыбының) қайтыс болуы, балалардың тууы туралы куәлігі;
  5. "Тұрғын үй қатынастары туралы" заңның 67-бабында айқындалған санатқа өтініш берушінің қатынасын растайтын құжаттар:
  • толық емес отбасылар некені бұзу туралы/жұбайының (зайыбының) қайтыс болуы туралы/әке болуды анықтау туралы куәлік/ № 4 нысан (көшірмесі);
  • көпбалалы отбасылар көпбалалы ананың кітапшасының көшірмесін ұсынады;
  • жетім балалар ата-анасының қайтыс болуы туралы куәлік/сот шешімі/қорғаншылық туралы құжаттар/балалар үйінен анықтама (көшірмесі);
  • 1 және 2 топтағы мүгедектер және мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар мүгедектігі туралы анықтама (көшірмесі);
  • мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері, әскери қызметшілер, арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері және мемлекеттік сайланбалы қызмет атқаратын адамдар жұмыс орнынан анықтама ұсынады;
  • жасына байланысты зейнетке шыққандар зейнетақы кітапшасының көшірмесін ұсынады;
  • оралмандар оралман куәлігін ұсынады (көшірмесі);
  • кейбір созылмалы аурулардың ауыр түрлерімен ауыратын адамдар ауру туралы медициналық қорытынды ұсынады (көшірмесі);
  • экологиялық зілзала салдарынан тұрғын үйінен айырылған адамдар тұрғын үйді техникалық тексеру жөніндегі қорытындысының көшірмесін ұсынады;
  • жалғыз тұрғын үйі авариялық деп танылған азаматтар тұрғын үйді апаттық деп тану туралы қорытынды ұсынады.

Оқи отырыңыз: Көп балалы отбасыларға үй беріле бастады. Жалдамалы үйлер мен 2% несиені алу үшін қойылатын талаптар

Қандай жағдайда азаматты тұрғын үй кезегіне қоюдан бас тартуы мүмкін?

Тұрғын үйді ұсыну үшін есепке қоюда егер азаматтың соңғы 5 жылда мынадай жолдармен өз тұрғын үй шарттарын әдейі нашарлатқаны белгілі болса, ол кезекке тұра алмайды:

  • тұрғынжайды айырбастау;
  • тұрғын үйді "Тұрғын үй қатынастары туралы" заңның 98-бабына сәйкес жергілікті атқарушы орган сатып алған жағдайдан басқа кезде, ҚР сол немесе басқа елді мекенінде тұрғанына қарамастан, оған меншік құқығында тиісті тұруға жарамды тұрғын үйді иеліктен шығару;
  • тұрғын үйді оның кінәсі бойынша бұзу немесе бүлдіру;
  • жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалға алған, мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй немесе баспанаға мұқтаж болмаған тұрғын үйден шығу;
  • жұбайы, кәмелетке толмаған және еңбекке жарамсыз балалар, сондай-ақ еңбекке жарамсыз ата-анасынан басқа тұлғаларды қоныстандыру.

Оқи отырыңыз: "Тұрғынүйқұрылысжинақбанкінен" ипотека: баспана сатып алу үшін қанша қаражат жинау керек?

Қандай жағдайда тұрғын азаматты үй кезегінен алып тастауы мүмкін?

"Тұрғын үй қатынастары туралы" заңның 73-бабына сәйкес, азаматты тұрғын үйді алу кезегінен мынадай жағдайларда алып тастайды:

  • тұрғын үйді ұсыну негізі жойылғанда;
  • азамат басқа елдімекенге тұрғылықты жерге көшуді немесе мемлекеттік кәсіпорыннан немесе мемлекеттік мекемеден жұмыстан шығуға шешім қабылдаса;
  • тұрғын үй қажеттілігі туралы ұсынылған ақпарат құжаттарды тапсырған сәтте шындыққа жанаспайтын болып табылса;
  • азамат жер учаскесін алып және өз тұрғын үйінің құрылысын немесе тұрғын үйді сатып алуды аяқтаса;
  • сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй алса.

Ал жетім балалар және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар, сондай-ақ тұрғын үйге мұқтаж және тұрғын үйді алуға дейін есепке қойылған толық емес отбасылар, "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен марапатталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен марапатталған көпбалалы аналарға, көпбалалы отбасыларға жататын ҚР азаматтары кезектен алына алмайды.

Азаматтар әкімдікке қажетті құжаттарды жинап өткізіп немесе оны онлайн түрде тапсырған соң, құжаттар дұрыс болған жағдайда оларға 30 күн ішінде хабарлама келеді.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары