Тікелей эфир

Теңге бағамын ұстап тұру үшін Ұлттық банк наурызда шамамен 1 млрд долларға интервенция жасады

Наурыз айында әлемнің қаржы нарықтары геосаяси жағдайдың шиеленісуіне байланысты тым құбылмалы болды.

Сыртқы күтпеген өзгерістердің ел экономикасына ықпалының алдын алып, ішкі валюта нарығындағы теңгерімді ұстап тұру үшін наурыздың бірінші жартысында Ұлттық банк валюталық интервенцияларды жүзеге асырды. Айдың соңында олардың көлемі 990,5 млн АҚШ долларын немесе биржалық сауда-саттықтағы жалпы көлемнің 29%-ын құрады, деп хабарлайды ҚР ұлттық банк баспасөз қызметі. 

"Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферттерді қамтамасыз ету үшін валюта сату наурыз айында 890,9 млн АҚШ долларға шықты. Банктің валюталық интервенциялары мен ұлттық қордан сату үлесі сауда-саттықтың жалпы көлемінің 55%-ын құрады. Ұлттық Банк БЖЗҚ мен сенімгерлік басқарудағы басқа да қорлардың зейнетақы активтері үшін шетел валютасын сатып алу немесе сату бойынша операцияларды жүзеге асырған жоқ. Геосаяси шиеленістің жоғары деңгейіне байланысты 2022 жылғы 15 наурыздағы жағдай бойынша, теңге тарихи ең жоғары деңгейге жетіп, бір АҚШ доллары үшін 512,17 теңге болды. Алайда, осыдан кейін ұлттық валюта қозғалысының бағыты нығаю жағына қарай өзгерді", – делінген хабарламада. 

Осылайша, 31 наурызда KASE биржалық алаңындағы сауда-саттық қорытындылары бойынша теңге бағамы наурыз айының басынан бастап 5,7 пайызға нығайып, бір АҚШ доллары үшін 467,03 теңге деңгейінде қалыптасты. Халықаралық қаржы нарықтарындағы түзету, сондай-ақ, салықтық төлемдер кезеңі аясында теңгенің нығаюы орын алды.


Оқи отырыңыз: Пайызсыз қарыз, халал ипотека. Қазақстанда қандай исламдық қаржы өнімдері бар?


"Қысқа мерзімді перспективада теңгенің құбылмалылығы геосаяси жағдайдың өзгеруіне, ішкі қатысушылардың күтулеріне және әлемдік нарықтардағы ахуалға байланысты болады. Бұл ретте ұлттық банк экономикадағы құрылымдық өзгерістер, мемлекеттің жеңілдікпен кредиттеуінің азаюы, сондай-ақ, айырбастау бағамының еркін өзгеру қағидаттарын ұстану қажетті талабы болып табылатын инфляциялық таргеттеудің толыққанды режиміне көшу жұмысын жалғастырып жатқанын атап өткен жөн", – деп хабарлады банктің баспасөз қызметі. 

Ұлттық Банк теріс сценарийлер іске асырылған жағдайда ішкі қаржы нарығында тұрақсызданудың алдын алуға қажетті барлық құралға ие және жағдайды қадағалауды жалғастырады, деп сендірді ұлттық банк. 

Серіктестер жаңалықтары