Тікелей эфир

Талдықорғанда 76 жастағы қарт ана неге қараусыз қалды?

Күлишан Рамазан Қытайда тұратын балаларына қайтқысы келеді.

31 арна тілшілері Талдықорған қаласында бір  жылдан бері көше жағалап, тентіреп жүрген кейуана жайында хабар әзірледі. Күлишан Рамазан 76 жаста, екі ай бұрын жалдап отырған пәтерінің ақшасын төлей алмай, далада қалған.

Күлишан апаның балалары Қытайда тұрады екен. "Оларды кінәламаймын" деген апа ашылып ештеңе айтпаған. Дегенмен, қазір өзінің халі тым мүшкіл. Кей күндері далада, шөптің үстіне түнеуіне тура келеді.

"Мен бір жылдан бері осылай елден көмек сұрап, далада қаңғып жүрмін. Екі ай болды міне, жатар орнымда жоқ болды. Ананың үйіне бір қонамын, мынаның үйіне бір қонамын. Сонымен өстіп жүрмін. Жаны ашығандар қонғызады. Тез арада маған ұшаққа билетке көмек қылсаңыздар, визам ашулы. Визам дайын тұр. Мені тезірек жолға салсаңыздар. Мен анамын ғой", – дейді Күлишан Рамазанның өзі.


Оқи отырыңыз: "Мешітте қайыр тілеп, көшеде түнейміз". Көпбалалы аналарға кім көмек береді?


Кейуананың ауыр жағдайынан хабардар жандар қолдан келгенінше көмектескенімен, арасында оны әлеуметтік желіге салып, бірақ жиналған ақшаны жымқырып кетіп жатқан алаяқтар да бар екен.

Ал Талдықорған қаласының әкімдігі бұл жағдайдан бейхабар.

"Апаның қиын жағдайға тап болғанын өзіміз енді ғана көріп отырмыз. Біздің әкімшілікке ресми апаның жағдайы туралы өтініш жасалмаған. Енді біз апаның нақты қандай көмекке мұқтаж екендігін, өзінің өтініші бойынша Қытай мемлекетіне қайта оралу бойынша біз, егер ондай мүмкіншілік бар болса қаламыздың еріктілері бар, жанашыр азаматтар бар, осы бойынша сбор жасап, апамызды өз мемлекетіне, өз балаларына қайтадан қайтаруға біз ықпалдасамыз", – деді Талдықорған қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Мәди Шәкенов.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары