Семей қаласының тұрғындарына ыңғайлы болу үшін автовокзалды Алматы тас жолының шыға берісіне көшіру жоспарланып отыр. Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Биыл мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Абай облысының әкімшілік орталығының бас жоспарын әзірлеу басталды. Өңір басшысының айтуынша, "Ақшың", "Арғымақ" және "Мереке" базарлары ауданындағы қозғалысты реттеу үшін барлық жұмыстар жоспарлы түрде жүргізіледі.
"Қаладағы тәртіп тұрғындар мен Семей қонақтары үшін ыңғайлы және қауіпсіз болғаны жөн. Орталық базар ауданында көшелердің ашылуы көлік ағындарын қайта бағыттауға мүмкіндік береді. Осыған байланысты қала тұрғындарының жүріп-тұруына ыңғайлы болу үшін автовокзалды қаланың басқа бөлігі Алматы тас жолының шыға берісіне көшіру және тағы бір автовокзалды орналастыру мүмкіндігі қарастырылуда", – деп атап өтті өңір басшысы.
Семей қаласының бас жоспарын әзірлеуді жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Бас жоспар Үкіметтің қаулысымен бекітіледі.