Әсіресе, көпқабатты және жеке тұрғын үйлердегі газ жабдықтарын жиі-жиі тексеріп тұрған абзал. Осыған орай, Қызылорда облысының өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында "ҚазТрансГаз" АҚ Қызылорда өндірістік филиалының жауапты мамандары тұрғындарды сақтық шараларын сақтауға шақырды.
"Қазіргі таңда күзгі және қысқы мерзімдегі жылыту маусымына дайындық барысы қызу жүруде. "ҚазТрансГаз Аймақ" АҚ Қызылорда өндірістік филиалының газ объектілері жылыту маусымына толықтай дайын. Сондай-ақ, газ жабдықтарын қауіпсіз пайдалану бойынша тұрғындарға түсіндірме жұмыстары жүргізілуде", – деді "ҚазТрансГаз Аймақ" АҚ өндірістік филиалы техникалық-өндірістік бөлімінің басшысы Ислам Бектұрғанов.
"Табиғи газды қолданудың ережелерін қатаң сақтауға шақырамыз. Ең бастысы, ешқашан қараусыз қалдырмаңыздар. Айта кету керек, газдың иісі шыққанда бірден 104 нөміріне қоңырау шалыңыз. Балаларды газ жабдықтарына жолатпау қажетінде ескеру керек. Түтін шығатын құбырлардың тартуын үнемі тексеріп, қосулы газ жабдығын қараусыз қалдырмауды сұраймыз. Газ аспаптарын өзіңіз жөндеуге болмайды. Арнайы мамандарға жүгінген жөн. Бұған қоса, қыс мезгілінде үйді жылыту үшін газ плиталарын пайдаланып жатады. Бұл да өте қауіпті. Сонымен қатар, су жылытатын газ жабдығын жуынатын бөлмеге орнатуға болмайды және қолдан жасалған пештерді пайдалануға тыйым салынады", – деді "ҚазТрансГазАймақ" АҚ Қызылорда өндірістік филиалының апатты-диспетчерлік қызметінің басшысы Базарбек Ерімбетов.
Аймақта өрт оқиғалары өткен жылмен салыстырғанда 7,4 пайызға азайған. Дегенмен, төтенше жағдайлар департаментінің мамандары өрттің алдын алу және жылу беру маусымына дайындық барысын күнделікті қадағалап, рейдтік іс-шараларды өткізуде.
"Жылу беру маусымына дайындық кезеңі басталуына байланысты облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасымен бірге облыс бойынша әлеуметтік аз қамтылған, көпбалалы және мүгедектігі бар 8 243 тұрғын үй тізімі нақтыланды. Олардың ішінде әлеуметтік аз қамтылған 7 250 отбасыға көмірқышқыл газын анықтайтын датчик орнатылды. Бұдан бөлек, газ жабдықтарын қауіпсіз пайдалану бойынша тұрғындарға күнделікті түсіндірме жұмыстары жүргізілуде", – деді облыстық ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының басшысы Асхат Оразбеков.
Қызылорда облысының өңірлік коммуникациялар қызметі.