Қазақстанда жаңа бір палаталы парламент – Құрылтай сайлауы қызып жатыр. Астанадағы сайлау учаскелерінде таңертеңнен бастап көптеген белгілі тұлғаны кезіктіруге болады.
Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Ерлан Қарин мен Сенаттың бұрынғы төрағасы Мәулен Әшімбаев Ұлттық академиялық кітапхана ғимаратында орналасқан сайлау учаскесінде дауыс берді.
"Бұл күн – асыра айтқандық емес, тарихи күн. Құрылтай сайлауы өтіп жатыр. Тұтастай алғанда, бұл сайлау Мемлекет басшысының кешенді реформаларының жалғасы болмақ. Соңғы жылдары біз Президентіміздің басшылығымен бірге Әділетті Қазақстанды құрып жатырмыз. Бұл үдерістегі жаңа кезең, жаңа дәуір осы жылдың наурыз айында жаңа Конституцияның қабылдануымен басталды. Конституция аясында, білесіздер, елімізді дамытудың жаңа парадигмасы, мемлекеттік билік институттарын ұйымдастырудың жаңа жүйесі негізделген. Осы жаңа жүйеде бір палаталы парламент – Құрылтай өте маңызды рөл атқаратын болады", – деп атап өтті Сенаттың экс-спикері.
Мәулен Әшімбаев елде шешілуі тиіс міндеттердің көп екенін, сондықтан өзі кез келген лауазымда Мемлекет басшысының әлеуметтік-экономикалық, саяси реформалар күн тәртібін іске асыруға белсене қатысуды жалғастыратынын жеткізді.
Тәуелсіздік сарайындағы сайлау учаскесінде Қазақстан Президенті Әкімшілігінің басшысы Роман Скляр мен Астана әкімі Жеңіс Қасымбек дауыс берді.
"Астана Опера" театрындағы учаскеге таңертең ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіров келді.
"Мен де сайлаушымын. Мен үгіт-насихат жұмыстарын бақылап отырдым. Партиялардың сайлауалды бағдарламаларының қаншалықты сұранысқа ие екендігі мен үшін маңызды болды. Іс жүзінде бұл жолы құралдар да, алаңдар да көп болды, әлеуметтік желілер, дебаттар өтті. Бұл осы ақпараттың барлығын сайлаушыға жеткізуге мүмкіндік берді. Орталық сайлау комиссиясы үшін ақпараттандыру маңызды, әр учаскеде азаматтардың барлық санаты үшін қолжетімді жағдай жасау маңызды", – деді ол.
№66 мектеп-лицейде Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев дауыс берді. Ол сайлау учаскесіне отбасымен бірге келді.
Құрылтай сайлауында дауыс беру сағат 20.00-ге дейін жалғасады.