Тікелей эфир

Қазақстанда ірі цирктердің жұмысында өзгерістер болуы мүмкін

Фото: Юлии Боровиковой
Фото: Юлии Боровиковой
Бұл бастаманы Экология министрлігі көтерді.

Қазақстанда ірі цирктердің жұмысында өзгерістер болуы мүмкін, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Атап айтсақ, орталық цирктерде де жабайы жануарлардың өнеріне тыйым салынады. Бұл бастаманы Экология министрлігі көтерді.

Қазір ведомство заңға толықтырулар енгізу үшін сараптама жүргізіп жатыр. Биылдан бастап қала мен ауылдарды аралап өнер көрсететін цирктер мен жануарларды ұстап көруге мүмкіндік беретін шағын зообақтардың жұмысына тыйым салынды. Көшпелі океанариум мен дельфинарийлердің де жұмысы тоқтатылды. Ал аңдар мен жабайы жануарларды, балықтарды жүк көлігіне салып гастрольге шығатындар қомақты айыппұл төлейді.

Экология министрлігі стационарлы цирктердің де жұмысын қайта қарамақ. Ол үшін жан-жақты талдау жүргізіледі.

"Алдағы жылдары цирктердің, зоопарктердің, стационарлы зоопарктардың қызметін реттейтін заңға тиісті өзгерістер енгізу үшін арнайы сараптамалық жұмыстар жүргізіледі. Олардың нәтижесінен тиісті заңға өзгерістер енгізу бастамасы көтеріледі", – деді Экология және табиғи ресурстар министрлігінің бас сарапшысы Бақытжан Исахаев.

Бірақ сала мамандары қалалардағы үлкен цирктердің жабылуына қарсы. Өйткені цирк жұмысына түбегейлі тыйым салу ересектер мен балаларды сиқырлы әлемге жетелейтін өнердің жойылуына әкеледі дейді. Айтуынша, стационарлы цирктерде үйретілетін жануарларға жағдай жасалған.

Сонымен қатар Экология министрлігі 2029 жылдан бастап дельфинарий қызметтеріне де тыйым салмақ. Оған дейін олар өз жұмысын өзге форматқа ауыстырып үлгеруге тиіс.

Серіктестер жаңалықтары