2026 жылдың қаңтар-тамыз айларында Қазақстанда әскери қылмыстардан 363 адам зардап шеккен. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 2,5 есе көп. Бұл туралы Finprom.kz Бас прокуратураның статистикасына сүйеніп хабарлады.
Осы кезеңде 261 әскери қылмыс тіркелген. Бұл көрсеткіш бір жыл бұрынғыдан 1,5 есе жоғары. Тіркелген қылмыстар мен зардап шеккендер саны 2020 жылдан бері есептелген әрбір толық жылдағы көрсеткіштен асып отыр.
Зардап шеккендердің басым бөлігі – 20 жасқа толмаған әскери қызметшілер. Олардың саны 256 адам немесе барлық зардап шеккендердің 70,5 пайызын құраған.
Жекелеген құқық бұзушылықтар бойынша да өсім байқалады. Құқық қорғау органдары қаңтар-шілде айларында жарғылық емес қарым-қатынастың 74 фактісін тіркеген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 37 пайызға көп.
Билікті асыра пайдалану фактілерінің саны 49-дан 88-ге дейін өскен. Өсім 79,6 пайызды құрады. Сонымен қатар қызметке салғырт қараудың 16 фактісі тіркелген.
Бұл бөліністе аналитиктер жеті айдың деректерін пайдаланған. Себебі қаңтар-тамыз айларындағы есепте 261 әскери қылмыстың 47-сі бойынша ғана толық ақпарат берілген.
Қаңтар-тамыз айларында тіркелген әскери қылмыстардың сегізі зардап шеккендердің қаза болуына әкелген. Мұнда қаза тапқан адамдардың саны емес, адам өліміне әкелген қылмыс фактілерінің саны көрсетілген. Каспий теңізіндегі қайғылы оқиғадан кейін мұндай жағдайлардың саны тоғызға жетті.