Тікелей эфир

Қант, май және тұзы көп тағамдар жарнамасына шектеу енгізілмек

Ал олардың үлесі аз пайдалы ұлттық тағамдардың мәзірі жинақталған кітап жарыққа шығады.

Денсаулық сақтау министрлігі мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында 2023-2025 жылдарға арналған салауатты өмір салтын насихаттау мен халықтың сауаттылығын арттырудың жол картасын әзірледі. Министрлік құжат жобасын Ашық НҚА порталында 27 сәуірге дейін жария талқыға шығарды.

Жол картасында семіздік пен күрес және халықтың дұрыс тамақтануына айрықша көңіл бөлінген. Бұл орайда Денсаулық сақтау министрлігі "Жарнама туралы" заңға құрамында қант, май, тұзы көп өнімдерді жарнамалауға шектеулер жөнінде ұсыныстар беруді көздеп отыр. Сонымен қатар, пайдалы (құрамында тұз, май, қанты аз) ұлттық тағамдарға арналған мәзірлер кітабын әзірлеу жоспарланған. Бұл жұмыстар 2024 жылы қолға алынып, орындалуы тиіс.


Оқи отырыңыз: 


Денсаулық сақтау министрлігі әзірлеген жол картасында бұдан бөлек, спортпен шұғылданатын халық үлесін арттыру, темекі мен алкогольді ішімдіктермен күрес және халықтың психикалық және репродуктивті денсаулығын арттыру бойынша жұмыстар жүргізу де қарастырылған.

Жол картасы жүзеге асқан жағдайда 2025 жылға қарай Қазақстанда салауатты өмір салтын ұстанатын азаматтар үлесі 30 пайызға дейін артып, 15 жастан бастап темекі шегетіндер саны 19 пайызға азаюы тиіс. Сондай-ақ, ДСМ Қазақстан халқының өмір сүру ұзақтығын 71,37 жастан 2025 жылы 75 жасқа дейін ұлғайтуды көздеп отыр.


Оқи отырыңыз: Қазақстандық хирургтер арықтаудың 5 тәсілін ұсынады. Бұл – қандай әдістер және олар қалай жұмыс істейді?


 

Серіктестер жаңалықтары