Тікелей эфир

Қазақстандық хирургтер арықтаудың 5 тәсілін ұсынады. Бұл – қандай әдістер және олар қалай жұмыс істейді?

Фото Орал Оспановтыкі
Фото Орал Оспановтыкі
Informburo.kz семіздікке жасауға кеңес берілетін отаның түрлері туралы толығырақ айтып береді.

Әлемде шамамен 2 млрд адам артық салмақтан азап шегіп жүр, оның 600 мыңнан астамы семіздіктен. Ауру бұрын кеңінен таралмаған Жапония, Греция, Италия, Испания, Кипр елдерінде де дендеп барады. 2025 жылдарға қарай жер бетіндегі халықтың 50%-ы осы проблемаға душар болуы мүмкін деген болжам бар.

Сарапшылардың айтуынша, бұл қасірет тез дайындалатын тағамдардың, газдалған сусындар мен адамдардың жүріс-тұрысы аз өмір салтын берік ұстануының кесірінен кең етек жаюда. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, 13 жыл бұрын адамның күндізгі тамағының мөлшері – 2900 килокалория болса, қазір – 3400.

Қазақстанда 4 млннан астам адам осы кеселмен күресіп жүр, олардың әрбір төртіншісіне "Семіздік" диагнозы қойылған.

Артық салмақ қарын мен бөксе тұсында болса, дүрлігуге ерте. Мінсіз салмақтың көрсеткішін анықтаудың арнайы формуласы мынадай:

  • Ерлер үшін: 50 кг + (бойы – 150) х 0,75;
  • Әйелдер үшін: 46,5 кг + (бойы – 150) х 0,75.

Сіздің бойыңызға сәйкес келетін салмақтың нәтижесі осындай болуы тиіс. Ал, одан ауытқу болса, алаңдауға негіз бар. Егер артық салмақ:

  • 25-30 – бұл артық масса (семіздіктің басталуы);
  • 30-35 – I деңгейлі семіздік;
  • 35-40 – II деңгейлі семіздік;
  • 40-тан жоғары – III деңгейлі семіздік;
  • Өз салмағыңнан 100% – IV деңгейлі семіздік.

Семіздікті әлемде бариатрикалық хирургия асқазанға ота жасаудың көмегімен емдеп жатыр. Бұл әдістің сұлулық пен әсемдікке еш қатысы жоқ. Ең бірінші кезекте адамдарды артық салмақтан арылтып, өмірін сақтауға көмектесу. Қазақстан бариатрикалық және метаболикалық хирургтар қоғамының президенті Орал Оспанов осылай дейді.

"Ең көп қойылатын сұрақтардың бірі – біз отаны кімге істейміз? Біз дене салмағының индексін өлшейтін формуланы басшылыққа аламыз. Егер ол 35-тен артық болса, ота жасау туралы айтамыз. Жарты кг салмақ тастағысы келетін қыздарға қабылдауға жазылып уақытын кетірмесе болады. Отадан кейін жағдайы ауыр пациенттердің салмағы 60-75%-ға азаяды. Диабеттері жоғалып, өзін жақсы сезіне бастайды, арқадағы ауру жоғалады", – дейді Орал Оспанов.

Дене салмағының индексін дәрігерлер өз бетінше есептейді: салмақты шаршы ішіндегі бой өлшеміне бөледі. Мысалы: салмақ = 85 кг, бой = 165 см. Дене салмағының индексі: = 85 : (1,65 × 1,65) = 31,2. Егер көрсеткіш 35-тен жоғары болса (ІІ деңгейлі семіздік және одан да көп) бариатрикалық хирургияға жүгіну ұсынылады.

Бариатрикалық хирургия қандай ота жасауды ұсынады?

Семіздікті емдеу бойынша жасалатын ота түрлері:

  • Шектеуші (рестриктивті);
  • Мальабсорбтивті;
  • Аралас процедуралар.

Шектеушілердің (рестриктивті) ішінде кең таралғандары:

  1. Құрсаулау – асқазанның жоғарғы жағына силиконды шығыршық салынады.
  2. Гастропликация – асқазан қабатын ішкі саңылауына қарай айналдыру.
  3. Асқазанды кішірейту – асқазанның бүйір бөлігін кесіп тастау, одан кейін асқазан-ішек жолы тарылады.

Мальабсорбтивті ота ас ішектің бастапқы және шеткі бөліктерін байланыстырады.

Аралас типті ота – асқазанды ұштастыру, яғни көлемін кішірейту. Асқазан мен ішектер алынбайды. Хирургтер ас түсетін асқазанның көлемін азайтады. Мәселен, жеті метрлік ішек жолының тек бес метріне дейін ас түседі де, қалған екі метрі ас қорыту шырынын ұстап тұрады.

"Отаның араласқан түрі ең тиімдісі саналады, өйткені ол ұзақ мерзімге жарайды. Мен асқазанды лапароскопиялық жолмен кішірейту отасын жасағанды жөн көремін. Өйткені ол семіздіктен туындайтын аурулардың алдын алуда, салмақты азайтуда тиімді. Қазір асқазанның жоғарғы бөлігіне шығыршық (бандаж) салу өте аз қолданылады", – дейді Орал Оспанов.

Бариатрикалық отаның плюстері мен минустары, бағасы

Қазақстанда мұндай отаның құны 200 мыңнан 2 млн теңгеге дейін тұрады. Бәрі таңдалған клиника мен қолданылатын материалдарға байланысты.

Асқазанға шығыршық-бандаж орнату

Плюстері:

  • Ең оңай ота;
  • Кеспей лапароскопиялық жолмен жасалады;
  • Ішкі ағзалар қиыспайды.

Минустары:

  • Жарты жағдайда салмақты азайту нәтижесі қанағаттанарлықсыз;
  • Астың өтуін тұрақты түрде бақылау қажет;
  • Ағзаға бөгде зат орналастырылады.

Бағасы: 500 мыңнан 1 миллион теңгеге дейін, бандаждың түрі мен өндірілген еліне байланысты.

Асқазанды пликация жасау/гастропликация

Плюстері:

  • Қымбат тігу құралын пайдалануды қажет етпейді.

Минустары:

  • Қанағатттанарлықсыз нәтиженің көбеюі және қайтадан артық салмақ жинау қауіптілігі.

Бағасы: 200 мыңнан 500 мың теңгеге дейін.

Асқазанды бойлап кесіп алып тастау

Плюстері:

  • Хирургтер асқазанға тиіспейді;
  • Аштық сезіміне жауап беретін гормонды қалыптастыратын аймағы алынып тасталынады.

Минустары:

  • Қайтарымсыз процедура (Кесілген бөлікті қайтару мүмкін емес);
  • Көп ауыр салмақ мұндай отадан кейін 1-3 жылдан кейін қосылмайды;
  • Асқазанда 1-3 жылдан кейін қатты қыжыл болуы мүмкін.

Бағасы: 1-2 млн теңге, таңдалған клиникаға байланысты.

Ру әдісімен (Roux–en–Y) асқазанды ұштастыру (шунттау)

Плюстері:

  • Артық салмақтан туындайтын қант диабеті, гипертониялық және басқа да аурудардан арылтады.

Минустары:

  • Бариатрикалық отаны енді жасап үйреніп жүрген хирургтерге оны жасаудың қиын;
  • Отаны жасау уақыты ұзақ – екі сағаттан көп;
  • Тігетін құралдардың қымбатын пайдалану қажет.

Бағасы: 1,5-2 млн теңге, таңдалған клиникаға байланысты.

Асқазанды мини шунттау

Плюстері:

  • Семіздіктен болатын қант ждиабеті және басқа да аурударға қарсы ең тиімді әдіс.
  • Ота жасау уақыты көп емес – 1-1,5 сағат.

Минустары:

  • Әрбір 50-70-ші пациентте өт рефлюксі болуы мүмкін, мұндайда Ру әдісімен ота қайтадан жасалады;
  • Тігетін құралдардың қымбатын пайдалану қажет.

Бағасы: 1-1,5 млн теңге.

Бұл ота тек семіздік кезінде жасалады. Ауру халықаралық жіктемеде Е66 кодымен тіркелген.

Мақаланың орысша нұсқасын оқи отырыңыз: 5 способов похудеть предлагают казахстанские хирурги. Что это за методы и как они работают?

Пластикалық ота семіздіктен арылтпайды

Липосакция және абдоминопластика түріндегі кең танылған оталар семіздіктен арылтпайды. Бұл – арықтаудың тәсілі емес, жай ғана дене мүшесінің белгілі бір бөлігінен майды сорып алып тастау үшін жасалатын косметикалық ота.

"Ота алдында мен пациенттерге семіз адамда да, арық адамда да майлық жасушалар бірдей екенін айтамын. Бұған көбісі таңғалады. Түсіндірейін: "Әрқайсыңыз әуе шарын үрледіңіз делік. Міне осылайша, майлық жасуша майға толмаған бос болуы немесе ауаға толған әуе шары сияқты болуы мүмкін. Адам ағзасында майлық жасуша саны өте көп, тіпті жүректе де болады. Липосакциямен майды сору адам пішінінің кейбір бөлігін өзгертуі мүмкін, алайда семіздіктен арылтпайды", – дейді Орал Оспанов.

Профессордың айтуынша, липосакциядан басқа да нәтижелері күмәнді көптеген әдістер бар. Мәселен, арнайы құрылғымен асқазанда белгілі бір аймақты электрлік стимуляция жасау немесе тері арқылы асқазанға енгізілген трубка арқылы ішіп-жегендерді сорып алып тастау.

Фитнес – шамалы артық салмағы бар адамдарға арықтау үшін таптырмас тәсіл. Ал, семіздікке шалдыққан адамдарға спортпен айналысу инфаркт не инсультке дейін әкелуі мүмкін. Дене салмағы тарылтатын буындар зақымданады.

Бариатрия – семіздіктен болатын қант диабеті. Оны және басқа да ауруларды қалай емдейді?

Қант диабеті инсулиннің асқазан асты безінен жеткілікті мөлшерде бөлінбеуі салдарынан басталады. Инсулинсіз ағза қант түйіршегін өңдей алмайды. Соның салдарынан қанның құрамында қант мөлшері артады.

"Асқазанды шунттағаннан кейін ас ішектің бастапқы бөлігіне ас бармаудың салдарынан инкретинті әсер туындайды. Бұл белгілі биологиялық белсенді гормондардың тез бөлінуіне әкеледі, ал олар өз инсулинін сезінуге жол ашады. Осы принцип бойынша арықтау кезінде жоғары қан қысымы жойылады. Қан қысымына жауап беретін гормондар деңгейін тұрақтандырылады. Салмақты азайтатын отадан кейін адам басқа да аурулардан айығады, қан құрамы жақсарады, "жақсы" холестирин деңгейі көтеріледі", – дейді профессор.

Асқазанда ота жасағаннан кейін салмақ қосу мүмкін бе?

Мұндай болады. Максималды түрде салмақты азайтқаннан кейін бір жылдың ішінде пациенттер салмақ қоса бастайды. Салмақты ең көп қосу ең жеңіл отадан кейін болуы мүмкін. Мәселен, шығыршық – бандаж салғаннан кейін, асқазанды бойлап алып тастау және асқазан саңылауын айналдырғаннан кейін.

Орта есеппен 10-20 кг салмақ қайта қосу мүмкін. Асқазанды шунттау кезінде пациент 3-8 кг артық салмақ қоспайды.

Ота жасатқандардың өмірлері қалай өзгерді

Алматылық Ксенияның бойы 153 см, ал салмағы 135 кг болған. Ол сегіз жыл бойына отырып ұйықтауға мәжбүр болыпты. Көлденең жатса арқасы ауырған. Оған омыртқа жотасына қысым көрсеткен артық салмақ себеп. Тыныс алуы тарылып, буындарында, бүйректе, қан қысымында проблема туындаған.

"Ерік-жігерім жетпеді: диета ұстадым, кейін бұзып жібердім, спортпен айналыстым, оны да тастап кеттім. Өмір осылай жалғаса берді. 2018 жылдың шілдесінде Астанада ота жасатуға бел байладым. Ауруханада төрт күн жаттым. Бірінші күн судан ұрттап іштім, екінші күні рационға майсыз сорпа қосылды. Осылай 6 кг тастадым. Дәрігер менің асқазанымды тарылтып тікті. Содан бері жеті ай өтті, қазір салмағым 97 кг, 40 кг-дай тастадым", – дейді Ксения.

Қазір ол бір тамақтанғанда 200 граммнан артық тамақ жемейді.

Әсем салмағы 176 кг жеткенде мини-гастрошунтирование жасатқан. Ол кезде жас келіншектің жасы 31-де болыпты. Отадан кейін екі жылдың ішінде 78 кг тастаған.

"Артық салмақтан мен бала кезімнен жапа шегіп келемін. Семіздікке тұқым қуалау салдарынан тап болдым. 20 жасымда тұрмысқа шықтым. Ол кезде салмағым 95 кг болатын. Үш айдан кейін бала көтердім, жүктілік кезінде 30 кг қосып алдым. Бала туғаннан кейін денсаулығым әлсіреді. Одан кейін тағы екі бала тудым. Тек салмақ қоса бердім", – дейді Әсем.

Оның туыстары да ота жасатыпты. 144 кг салмақтағы әпкесі отадан кейін 54 кг тастаған. 133 кг анасына екі апта бұрын ота жасалған. Осы уақыт ішінде 10 кг артық салмақ тастаған.

"Менің қан қысымым жоғары болатын, қант диабетімен ауырдым. Тек инсулинмен күн көрдім. Салмақтан аяғым өсіп, варикозым шықты. Арықтай бастағанда мұның бәрі кетті. 30 жасымда 180 кг болғанмын. Егер ота жасатпасам, 50 жасқа дейін де өмір сүре алмас па едім", – дейді Әсем.

Бізде мемлекет асқазанды кішірейтуге арналған отаға квота бөлмейді Сондықтан пациенттер оны өз қаржысына жасатады. Алайда, бәрінің оны жасатуға шамасы келе бермейді. Бұл туралы сандар былай сөйлейді: Израильде бариатрикалық отаны жылына шамамен – 100 000 адам, Швецияда – 150 000, АҚШ-та – 300 000, Ресейде – 2000, ал біздің елімізде жүзге жетпейтін адам ғана жасатады.

Семіздіктен арылтатын отаны Қазақстанда қандай клиникалар жасайды?

Алматы, Астана, Атырау, Ақтау, Павлодар, Тараз және Шымкентте осындай ота жасайтын клиникалар бар. Негізінен олардың бәрі мемлекеттік ауруханалар. Жеке клиникалар да мұндай қызметті ұсынады. Медициналық мекемелердің тиісті лицензиясы болуы керек, ал оның мамандары IFSO аталатын дүниежүзілік федерацияның мақұлдауымен құрылған орталықтардан оқытулардан өткен болуы тиіс.

Авторы Зарина Жақыпова.

Аударған Мәншүк Шапхатқызы.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары