Оңтүстік Кореядағы кәсіподақтар федерациясының өкілдері ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен келісімшарт жасау мақсатында Қазақстанға келді. Бұл туралы мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев хабарлады.
Кәсіподақтар федерациясының өкілдерімен кездескен мәжіліс депутаты Қазақстан бұл шартқа қол қойған жағдайда Оңтүстік Кореядағы қазақстандық жұмысшылардың құқықтары қалай қорғалатынынан ақпарат берді.
Оның жазуынша, Оңтүстік Кореяда ірі 2 кәсіподақ бар, соның бірі 70 жылдан бері нарықта қызмет қылады. Оған тіпті Кореяның Еңбек министрі мүше. Жалпы, кәсіподақтың 1,5 миллионнан астам мүшесі бар.
Оқи отырыңыз: Оңтүстік Корея халқының саны 2 есе азаюы мүмкін
"Бұған дейін 8 елдің уәкілетті органымен келісімшартқа қол қойыпты. Нәтиже: Кореяда заңсыз жүрген азаматтарыңызды кәсіподаққа мүшелікке аламыз, одан кейін олардың құқығының қорғалуын, еңбек дауларының әділетті шешілуін қамтамассыз етеміз деді. Кәсіподақтың әр мүшесі айына 7-8$ төлейді деген дерек келтірді", – деп жазды Нартай Сәрсенғалиев.
Бұл ретте ол Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі еңбек визасы мәселесін дереу шешуі керектігіне де назар аударды.
"Себебі, шетелде азаматтарымыздың құқығының тапталуына жол бермеуіміз қажет. Еңбек министрі наурызда Оңтүстік Кореяға барамын дегендер үшін Қонаев қаласынан арнайы орталық ашылады деді. Бұл мәселе айтылған сөз болып қалмауы шарт", – деді мәжіліс депутаты.