Qazaqgeograhy республикалық қоғамдық бірлестігі мен Іле Алатауы ұлттық паркінің аумағында орналасқан Райымбек батыр атындағы мектеп бірлескен жұмысын бастады. Бұл жұмыстар аясында эко ойлау мен туризмді дамыту үшін оқушылармен әртүрлі жоба қолға алынады. Осы орайда, мектеп директоры Салтанат Түрікбаева білім ордасының өмірімен таныстырып, жоба үшін арнайы кабинет бөлінгенін хабарлады.
Экскурсия барысында қоғамдық бірлестік мектепке биыл ғана тұсауы кесілген Жарас Ермекбаевтың "Шоқан Уәлихановтың тағдыры мен мұрасы" атты кітабын сыйлады. Сондай-ақ, кітап авторымен мектепте кездесу болатынын атап өтті.
"Есік қаласындағы Райымбек батыр атындағы мектеп Іле Алатау ұлттық паркінің аумағында орналасқан. Заң тілінде айтқанда балалар ерекше қорғалатын аймақта тұрып жатыр. Ал біздің нысанаға алатын аудиториямыз балалар, жастар. Осында тұрып жатқан халықтың жері үшін мақтануына, қоршаған табиғатты қорғауға деген жауапкершілік сезімінің артуына түрткі болғымыз келеді. Сондай-ақ, Райымбек батыр атындағы мектепте интерактив байланысты нығайтатын өсу нүктесі болады. Мектеп ұсынысымызды қуана қабыл алып, бізге кеңсе бөліп беріп жатыр. Бір айдың ішінде оны жабдықтап, оқушылармен бірлескен жобалаларды бастасақ дейміз. Бірақ осы жұмыстар ресми емес, тек балалардың қызығушылығына негізделіп жүргізілсе деген ниет-тілегіміз бар", – деді Qazaqgeograhy басшысы Орман Нұрбаев.
Бірлестік мектеп оқушылары арасында экология тақырыбында шығармалар сайысын өткізіп, үздіктерді анықтады.
Оқи отырыңыз: Алтын-Емел мен Шоқанның жолы. Туризм ауылдар тұрмысын қалай өзгертіп жатыр?