Шымкент қаласында жеңіл атлетикадан XXXV Qosanov Memorial World Athletics Continental Tour Bronze Level халықаралық турнирі мәресіне жетті. Екі күнге созылған дүбірлі дода қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы 11 алтын, 13 күміс және 18 қола медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте бірінші орынға ие болды, деп хабарлады Қазақстанның Жеңіл атлетика федерациясы.
Қазақстан құрамасы сапында Мария Ефремова (ұзындыққа секіру және үш қарғып секіру), Максим Балабин (сырықпен секіру), Аделина Земс (400 метрге кедергілер арқылы жүгіру), Вячеслав Земс (400 метрге кедергілер арқылы жүгіру), Ефим Тарассов (400 метрге жүгіру), Аяна Болатбекқызы (1500 метрге жүгіру), Кристина Минковская, Мария Щипачева, Анастасия Кононович және Елизавета Якименко (4×100 метрлік эстафета), Рамазан Шаиев (800 метрге жүгіру), Полина Иванова (сырықпен секіру) мен Ақбілек Құралбай (5000 метрге жүгіру) жеңімпаз атанды.
Қазақстан жеңіл атлетика федерациясының президенті Асхат Хасенов Ғұсман Қосанов мемориалының елдегі жеңіл атлетика үшін маңызы зор екенін атап өтіп, жүлдегерлерге арнайы ақшалай сыйақы қарастырылғанын жеткізді.
"Ғұсман Қосанов мемориалы – Қазақстандағы жеңіл атлетика күнтізбесіндегі ең беделді жарыстардың бірі. Биыл бұл турнир 35-рет ұйымдастырылып, тағы да әртүрлі елдерден келген үздік жеңіл атлеттерді бір алаңға жинады. Екі күн бойы спортшылар жеңіл атлетиканың 30-ға жуық бағдарламасы бойынша бақ сынап, жарыстың жоғары деңгейі мен ауқымын тағы бір мәрте дәлелдеді. Биыл Федерация алғаш рет 1-6 орын алған спортшыларға ақшалай сыйақы тағайындады", – деді Қазақстан жеңіл атлетика федерациясының президенті Асхат Хасенов.
Турнир барысында бір жарыс рекорды жаңартылды. Ерлер арасындағы 1500 метрге жүгіруде Қырғызстан өкілі Нұрсұлтан Кенешбеков 3:43.51 нәтиже көрсетіп, өзіне тиесілі 2021 жылдан бері сақталып келген жарыс рекордын жаңартты.
Қосанов мемориалы: Қазақстандық жеңіл атлеттер бірінші жарыс күні қанша медаль иеленді