Грузияда Түркияның әскери ұшағы апатқа ұшырады: Түркия 20 адамның бәрі қайтыс болғанын растады

Фото: x.com/Ismaelcurious
Фото: x.com/Ismaelcurious
Түркия мен Әзербайжан билігі ұшақ апатына байланысты бірлескен тергеу бастады.

Түркияның әскери-көлік ұшағы C-130, Әзербайжаннан ұшып шыққан соң, Грузия–Әзербайжан шекарасы маңында апатқа ұшырады. Бұл туралы Anadolu агенттігі хабарлады.

Түркияның Ұлттық қорғаныс министрлігінің мәліметінше, ұшақта 20 адам, соның ішінде экипаж мүшелері болған.

"Біздің Әзербайжаннан ұшып шыққан әскери-көлік ұшағымыз C-130 Грузия–Әзербайжан шекарасы маңында құлады. Құтқару жұмыстары Әзербайжан және Грузия билігімен бірлесіп жүргізіліп жатыр", – делінген ведомство хабарламасында.

Грузия Ішкі істер министрлігінің ақпараты бойынша, әуе апаты Сигнахи ауданы маңында, яғни Әзербайжан шекарасынан шамамен бес шақырым жерде болған. Грузияның әуе навигация қызметі ұшақпен радиолокациялық байланыс бірнеше минуттан кейін үзілгенін және дабыл сигналы берілмегенін мәлімдеді. Оқиға орнына Грузия ішкі істер министрі Гела Геладзе келіп, жағдайды бақылауға алды.

Түркия президенті Реджеп Тайып Ердоған, сондай-ақ елдің ішкі істер және сыртқы істер министрлері Грузия мен Әзербайжан басшыларымен байланыста.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия президентіне көңіл айту жеделхатын жолдады.

Серіктестер жаңалықтары