Тікелей эфир

Еңбек министрлігі 12 мың жұмыссыз жасқа SMS-хабарлама жібереді

Хабарлама 1414 нөмірінен келеді.

13 ақпаннан бастап жұмыссыз жүрген азаматтарға SMS-хабарлама жіберіледі. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі халықты жұмыспен қамту департаментінің директоры Асқар Ниязов хабарлады. Хабарлама 23-35 жас аралығындағы жұмыссыз жүрген 12 мың адамның жеке нөміріне жіберіледі, деп жазды Kursiv Media.

Министрліктің хабарлауынша, хабарлама 8 әлеуметтік топтың өкілдеріне жіберіледі. Әр жас тобы бойынша 1 000 SMS-хабарлама жіберу жоспарланған. Олардың қатарында жұмыссыз ретінде тіркелгендер, көпбалалы отбасылар, АӘК алушылар, "Күміс алқа" мен "Алтын алқа" алған аналар бар.

Асқар Ниязовтың айтуынша, азамат хабарлама арқылы жұмыс іздеп, білімді жетілдіру немесе әлеуметтік жәрдемақы алу бойынша ақпарат алады. Қосымша ақпарат қажет болса, хабарламада тұрған сілтемені басу қажет.


Оқи отырыңыз: Қазақстанда жастар еңбек жасақтары құрылады. Оған 14 жастан бастап қатысуға болады


"Бұған дейін министрлік жұмыссыз жүрген азаматтардың өтініш бергенін күтіп отыратын болсақ, енді олардың телефонына өзіміз хабарлама жібереміз", – деді департамент директоры Асқар Ниязов.

Ресми ақпаратқа сәйкес, хабарлама тек 1414 нөмірінен келеді.

Ниязовтың айтуынша, қазір республика бойынша жастар арасындағы жұмыссыздық көрсеткіші – 3,8 пайыз немесе 80 мың адам. Олардың басым бөлігі Түркістан және Жамбыл облысы, Алматы қаласында тұрады.

Біздің Telegram-каналдағы ең көп оқылған жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары