Бұл туралы мемлекет және қоғам қайраткері, саясаттанушы, Мәжіліс депутаты Берік Әбдіғали Youtube желісіндегі Yesti Podcast хабарында айтты.
Бағдарлама жүргізушісі Есен Елеукеннің "Ресейден тіл мәселесіне қатысты келіп жатқан ақпараттық шабуылдарды тоқтатуға бола ма?" деген сұрағына мәжіліс депутаты:
"Иә, Ресей қазір мұндай шабуылды күшейтіп жіберді. Оның себебі не екенін білмеймін. Бәлкім жан-жақтан болып жатқан қысым, санкциялар себеп болар. Сондай-ақ, Украина, Беларусь және Кавказбен болып жатқан оқиғалар да себеп болуы мүмкін. Әйтеуір, қазір біздің еліміздің мәселелеріне араласуы қатты байқалып тұр. Мұны тоқтату мүмкін емес деп ойлаймын. Өйткені, олар ресми болмаса да, саясаткерлері бейресми түрде әлеуметтік желіде түрлі әңгімені айта береді. Бір жолы болмаса, басқа жолын табады. Ал біз үндемей бұғып отыра береміз бе? Мәселе осы. "Бұға берсе, сұға береді" деген сөз бар, сол секілді үндемесек, мұндай шабуыл күшейе түседі. Біз қазақ тіліне басым бағыт беру мүмкіндігін өткізіп алдық. Қазір күшейтейік десек, сыртты былай қоғанда, ел ішінде де қарсылық бар", – деп жауап берді.
Оның сөзінше, қазақ тілін білу – тұрақтылықтың кепілі.
"Осыны ел азаматтарына түсіндіре білуіміз керек. Өзіміз қазақ тілін менсінбесек, өзгелер де бізді қолдамайды, түсінбейді. Тарихымыз не руханиятымыздың мәселесі болсын, қарсылық білдіреді. Тіл мен ұлттық саясатымызды өз ішімізде реттемей, бұл әңгіме толастамайды", – деді Берік Әбдіғалиұлы.