Астанада бес жасар бүлдіршін ауладағы ашық тоққа түсіп, жансақтау бөліміне жеткізілді

Фото: Informburo.kz
Фото: Informburo.kz
Бүлдіршіннің денесінің 25 пайызы күйік алған.

Астанада тұрғын үй кешендерінің бірінің ауласында ашық жатқан жоғары кернеулі электр кабелінен бала зардап шекті. Бүлдіршіннің денесінің 25 пайызы күйіп, жансақтау бөліміне жеткізілген. Тұрғындардың айтуынша, қауіпті сым туралы жауапты органдарға екі ай бұрын бірнеше рет хабарланған, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы

Оқыс оқиға елорда орталығындағы тұрғын үй кешендерінің бірінің ауласында болған. Бұл аумақта құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Тұрғындардың айтуынша, балалар жиі ойнайтын жердің маңында құрылысқа тартылған электр кабелі ұзақ уақыт бойы ашық жатқан. Бала оқиға кезінде электр тогынан зардап шеккен. Тұрғындар қауіпті сым туралы маусым айынан бері бірнеше рет хабарлағанын айтады. Атап айтқанда, 109 байланыс орталығы арқылы өтініштер қалдырылған.

Тұрғындардың сөзінше, шағымдардан кейін кабель ажыратылып, үсті топырақпен жабылған. Алайда мәселе толық шешілмеген. Зардап шеккен баланың анасы Ұлжан Әбдімәлікованың айтуынша, оқиғадан кейін кабель сараптамаға алынған. Полиция қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған. Бүлдіршіннің денесінің 25 пайызы күйік алған.

Анестезиология-реанимация және қарқынды терапия бөлімшесінің меңгерушісі Нұрсұлтан Құрбанбековтің айтуынша, электр жарақаты кезінде тек тері ғана емес, ішкі ағзалар да зақымдалуы мүмкін.

"Жарақаттың көлемі 25 пайыз болғандықтан, тек тері бүтіндігі ғана емес, жалпы электр тоғы соққан кезде ішкі ағзаларда да осындай зақым алады. Яғни бұл жерде шок алған бала. Сол себепті шокпен алғашқы күрес жүрді. Одан кейін үздіксіз мониторинг, жүректің ырғақ бұзылысы, тыныс алуы, сонымен қатар қан қысымы бақылауда ұсталынды", – деді дәрігер.

Қазір баланың жағдайы біршама тұрақталған. Дегенмен дәрігерлер электр жарақатының салдарына байланысты емді жалғастырып жатыр.

Тұрғындардың айтуынша, қауіп әлі толық жойылмаған. Олардың сөзінше, оқиғадан кейін де электр сымы ашық күйінде қалған. Үй тұрғындарының өзін-өзі басқару бірлестігінің өкілі Асқар Алғазинов қауіпті кабельді дереу алып тастау қажеттігін айтты.

Тұрғындардың шағымына қатысты құрылыс компаниясы да пікір білдірді. Компания өкілі жауапкершіліктен қашпайтынын және баланың еміне байланысты шығындарды өтеуге дайын екенін мәлімдеді.

"Кінәлі ме – жазасын тартады. Материалдық шығын ба, денсаулығына байланысты ма, мысалы, дәрі-дәрмек керек пе, оны өтеуге дайынбыз. Қазір баланың жағдайын ойлайықшы. Анасына келіп тұрмыз. Кез келген материалдық көмекті көрсетеміз деп жатырмыз", – деді компанияның жеке қауіпсіздік менеджері Медет Сәрсембаев.

Астана қаласы Сарайшық ауданы әкімінің бас инспекторы Нұрберген Нұрмұхамбет бұл аумақтағы кабель мәселесі бұған дейін де көтерілгенін растады. Оның айтуынша, құрылыс компаниясына кабельді талапқа сай көму туралы ескерту берілген.

"Аталған оқиға бойынша қазіргі таңда қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жүргізіліп жатыр. Барлық қатысты мекемелердің өз әрекетіне байланысты құқықтық баға берілетін болады", – деді ол.

Қазір полиция электр кабелінің не себепті ашық қалғанын және тұрғындардың бұған дейінгі шағымдарының неге тиісті деңгейде қаралмағанын анықтап жатыр. Баланың анасы қазір ұлының тезірек сауығып, аман-есен үйіне оралуын тілеп отыр.

Серіктестер жаңалықтары

Подтверждение Email

Для возможности отправлять комментарии и оформить подписку вам необходимо подтвердить ваш адрес электронной почты. Письмо с ссылкой для подтверждения было отправлено на . Пожалуйста, проверьте свою папку "Входящие" или "Спам".

Телефон нөмірін растау