Air Astana Дубайға тұрақты рейстерін қайта қалпына келтіруді жоспарлап отыр. Алматыдан Дубайға әуе қатынасы 1 қазаннан, ал Астанадан Дубайға рейстер 2 қазаннан басталады. Бұл туралы әуе компаниясының баспасөз қызметі хабарлады.
Қазан айында рейстер саны біртіндеп артады.
- Алматы – Дубай – Алматы бағыты бойынша рейстер бастапқыда аптасына 4 рет орындалып, қазан айының соңына қарай аптасына 12 рейске дейін жеткізіледі.
- Астана – Дубай – Астана бағытында алғашқы кезеңде аптасына 3 рейс жоспарланған. Ай соңына қарай олардың саны аптасына 10 рейске дейін көбейеді.
Air Astana Таяу Шығыстағы ахуалды бақылауда ұстайтынын мәлімдеді. Қажет болған жағдайда рейстер кестесіне өзгеріс енгізілуі мүмкін. Мұндай жағдайда жолаушыларға қосымша ақпарат беріледі.
Бұған дейін FlyArystan Таяу Шығыстағы тұрақсыз жағдайға байланысты Ақтау – Дубай – Ақтау бағыты бойынша рейстерді уақытша тоқтату мерзімін ұзартқан болатын.