Үкіметте премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен орталық жедел штаб отырысында өңірлердегі шегірткенің таралуына қатысты жағдай талқыланды, деп хабарлады үкіметтің баспасөз қызметі.
Белсенді таралу кезеңінде зиянкестермен күрестің әрбір күні өте маңызды. Сондықтан орталық жедел штаб аптасына екі рет отырыс өткізуге көшті.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, барлық өңір қарқынды жұмыс режимінде: ахуал үнемі бақылауға алынған және өңдеуді күшейту қажет жерлерге техника мен пестицидтердің қосымша көлемі дереу жеткізіліп жатыр.
"Түркістан облысында аптап ыстық пен шегірткенің қосымша 60 мың гектар алқапқа таралуы жағдайды қиындатып отыр. 10 маусымдағы жағдай бойынша оның 45,3 мың гектары өңделді: Арыста – 36,8 мың гектар, Шардара ауданында – 6,7 мың гектар, Келес ауданында – 1,6 мың гектар", – делінген хабарламада.
Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин ұйымдастыру жұмыстарын жедел басқару үшін Жетісу облысына, ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Түркістан облысына, ауыл шаруашылығы вице-министрлері Қостанай және Ақтөбе облыстарына жұмыс сапарымен барады.
Сонымен қатар Ауыл шаруашылығы министрлігінің 46 қызметкері Түркістан облысына іссапарға жіберілді, олар өңдеуге тиісті жерлерді анықтау мақсатында аумақтарды зерттеп жатыр. Зиянкестердің таралу аймақтары анықталған жағдайда химиялық заттардың екі еселенген дозасымен қайта өңдеу жұмыстары жүргізіледі.