150 мыңнан астам студент AI-Sana аясында жасанды интеллект бойынша сертификат алды

Фото: Ақорда
Фото: Ақорда
Бағдарлама бакалавриат, магистратура және докторантураны қамтиды және бірнеше кезең бойынша жүргізіледі.

Қазақстанда 150 мыңнан астам студент жасанды интеллект бағытындағы курстарды сәтті аяқтап, тиісті сертификаттарға ие болды. Бағдарламаның басты мақсаты – білім беру, ғылыми-зерттеу және стартап-кәсіпкерлікті біріктіретін тұрақты экожүйе қалыптастыру.

AI-Sana бағдарламасын Ғылым және жоғары білім министрлігі Huawei, Coursera және Astana Hub сынды халықаралық серіктестермен бірлесе отырып жүзеге асыруда. Бағдарлама жоғары білімнің барлық деңгейін – бакалавриат, магистратура және докторантураны қамтиды және бірнеше кезең бойынша жүргізіледі. Алғашқы кезеңде студенттерге жасанды интеллект бойынша базалық курстар ұсынылса, келесі кезеңдерде кәсіпкерлік пен техникалық құзыреттерді дамыту, MVP әзірлеу және стартаптарды нарыққа шығару бойынша қолдау көрсетіледі.

Білім беру үдерісі еліміздегі жоғары оқу орындары жанынан ашылған Huawei ICT академиясының 43 жетекші орталығында жүргізіледі. Бұл академияларда студенттер ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы жаһандық көшбасшы – Huawei компаниясының озық технологиялары мен тәжірибесіне қол жеткізе алады.

Сонымен қатар, AI-Sana бағдарламасы аясында халықаралық Coursera платформасы Қазақстанның 95 жоғары оқу орнына 36 890 лицензия бөлді. Сарапшылар іріктеген екі негізгі курс – "Баршаға арналған генеративті жасанды интеллект" және "ChatGPT үшін Prompt-инжиниринг" бойынша 15 мың студент білім алды. Бұл бастама Қазақстанда ауыл шаруашылығы, энергетика, экология және өзге де маңызды салаларда жасанды интеллект технологияларын тиімді қолдана алатын жаңа буын мамандарын даярлауға мүмкіндік береді.


Оқи отырыңыз: Яндекс Global басшысы президентке AI-Sana бағдарламасына атсалысуға дайын екенін айтты


Бағдарлама аясында жыл соңына дейін жасанды интеллект саласында 1500 стартап құру жоспарланған AI-Sana бағдарламасының маңызды құрамдас бөліктерінің бірі – жасанды интеллект саласында 1500 стартап құру. Бұл бастама экономикалық өсімге серпін бере алатын DeepTech-жобаларға ерекше назар аударумен жүзеге асырылады. Студенттер өз идеяларын халықаралық деңгейдегі сарапшылар мен менторлардың қолдауымен дамыту мүмкіндігіне ие болады. Акселерация және пост-акселерация кезеңдері жобаларды нарыққа бейімдеуге, инвестициялар тартуға және халықаралық деңгейде кеңейтуге бағытталған.

Бағдарламаны іске асыруға елдің 27 өңірлік "якорлық" университеті тартылған. Бұл жоғары оқу орындары инфрақұрылымдық дайындығы, шетелдік серіктестіктерінің болуы және есептеу қуаты негізінде іріктелді. Олар өз өңірлерінде бағдарламаның орындалуына жауапты болып табылады және студенттермен қатар профессорлық-оқытушылық құрамды да оқытумен айналысады.

Білім беру жүйесінде тұрақты өзгерістер енгізу мақсатында құрылымдық реформалар жүзеге асырылды. Министрліктің тапсырмасы бойынша жасанды интеллектке қатысты пәндер елдегі барлық 95 жоғары оқу орнының оқу бағдарламаларына енгізілді. Сонымен қатар, жоғары білімнің мемлекеттік стандарты жаңартылып, енді барлық білім беру бағыттары бойынша жасанды интеллектіні оқыту міндетті талап ретінде қарастырылып отыр. 

"Әрбір қазақстандық азамат жасанды интеллекттің қандай пайдасы барын, оның не үшін қажет екенін және онымен қалай дұрыс жұмыс істеу керектігін түсінуі тиіс", – деді президент Қасым-Жомарт Тоқаев, цифрлық сауаттылықты қалыптастыру мен жаңа технологиялық шындыққа бейімделудің маңызын ерекше атап өтіп.

AI-Sana бүгінде Қазақстанның технологиялық болашағына айналуда. Ол студенттерді, оқытушыларды және кәсіпкерлерді инновациялық даму мен елдің цифрлық трансформациясы идеясы төңірегінде біріктіреді.

Серіктестер жаңалықтары