Қазақстанда бір айда жаңа көлік сатып алу 12%-ға артты
Жыл басынан бері қазақстандықтар жаңа автокөлік сатып алуға 127 млн теңге қаражат жұмсаған. Наурыз айында өткен ақпан айына қарағанда көлік сатып алу көрсеткіші 12%-ға өскен.
Ең көп сатылатын жеңіл көлік маркаларының ондығын бюджеттік Lada (3420) бастап тұр. Toyota дилерлері бірінші тоқсанда 2906 көлік сатқан. Үшінші орында Hyndai (2351) көліктері.
Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) кезектен тыс Президент сайлауын өткізуге 12 млрд теңге сұрады
Бұл туралы қаржы вице-министрі Берік Шолпанқұлов мәлім етті. Айтуынша, қазір есептеулерді бағалау, оның негізділігін тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сома қысқаруы да мүмкін."Сұралған соманың 70%-ы сайлау округтерінде жұмыс істеуге тартылған тұлғалардың жалақысына бөлінеді" деді ол.
Вице-министр 2020 жылы өтетін Президент сайлауына былтыр бюджеттен 8,8 млрд теңге бөлінгенін айтты. Сөзіне сенсек, биылғы сұралған қаражат 1 қаңтарда ең төменгі жалақы мөлшері көбейген соң, артып отыр. Бұрынғы Президент сайлауын өткізуге ОСК 5 млрд теңге жұмсапты.
Доллар екі теңгеге арзандады
Қазақстан қор биржасының таңертеңгілік сауда сессиясының қорытындысы бойынша АҚШ валютасының орташа бағамы – 377,71 теңге болды. Еліміздің валюта айырбастау бекеттерінде долларды 377-378 теңгеге сатып алып, 379-380 теңгеге сатып жатыр.
"Біздің ортақ міндетіміз – Президент сайлауын әділ, заңды және ашық өткізуді қамтамасыз ету"
ҚР Парламенті сенатының төрағасы Дариға Назарбаева осылай мәлімдеді. Ол сайлау науқанын ҚР заңдарына сәйкес өткізуге көмектесу – басты міндет екенін де атап өтті. Бұл ретте сенат төрағасы науқанның жауапкершілігін де тілге тиек етіп, сенаторларды осы мақсаттағы жұмыстарға белсене араласуға шақырды.
Алматыда "Нұрлы жер" бағдарламасымен салынған көпқабатты үйлер суға кетіп жатыр
Алатау ауданының Саялы ықшамауданындағы 15 үй 2018 жылы салынып, 2019 жылы пайдалануға беріле бастаған. Бірнеше күннен бері толассыз жауған жауынның салдарынан қазір бұл үйлердің жертөлелері тізеге дейін суға батыпты. Тұрғындары су басқан үйге ипотекалық несие төлеп тұрудан бас тартып жатыр. Олардың айтуынша, тек жертөлелерді ғана емес, кейбір жаңа пәтерлерді де су басқан. Содан пәтерлердің қабырғалары жарылып, жапсырмалары ыдырап түсіп жатыр.
– Құрылыс компаниясы мемлекеттік бағдарламамен салынған үйге ең арзан материалдарды пайдаланған. Жаңбыр жауған күні терезеден су ағады. Ал, осы пәтер үшін біз 17 жыл несие төлеуіміз керек, – дейді тұрғындардың бірі Әсел Ахмет. Құрылыс компаниясы су басқан пәтерлерді жөндеуді бастапты. Алайда тұрғындардың олардың жасаған жұмыстарының сапасына көңілі толмай отыр.
Парламент жолаушылар тасымалы сапасын арттыруға бағытталған заң жобасын қабылдады
Парламент Сенатының жалпы отырысында "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне көлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы екі оқылымда қаралып, қабылданды. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Склярдың сөзінше, заң жобасында көлік құралын тоқтатпай-ақ рұқсат беру құжаттарының бар – жоқтығын тексеруге, көлікті бақылау органдарының көлік құралдарын жаппай тоқтату тәжірибесінен бас тарту мүмкіндіктері жолға қойылған.
Түзетулердің арасында қазақстандық тасымалдаушыларға шегараға жақын бір облыстың аумағында орналасқан елді-мекендер арасында тасымалдауды жүзеге асыруға рұқсат беру де ұсынылған. Осының арқасында 126 халықаралық бағыт бойынша қосымша шекаралас облыстардағы 300-дей елді мекеннің жолаушыларын тұрақты тасымалдауға мүмкіндік беріледі.
Болат Жәмішев Қазақстан даму банкінен кететінін мәлімдеді
Бұл туралы ол Елордада өткен баспасөз мәслихатында айтты.
– Осы банктің басқарма төрағасы лауазымында бес жыл бойы қызмет еттім. Осы айда өз еркіммен банктен кетуді шештім, – деп мәлімдеген Б.Жәмішев әзірге Цеснабанктің тәуелсіз директоры қызметін жалғастыратынын жеткізді.
Екпеден кейінгі асқынулардың вакцина сапасына қатысы жоқ
Дәрілік заттарды ұлттық сараптау орталығы осылай деп мәлімдеді. Орталықтың бас директорының міндетін атқарушы Арнұр Нұртаев "бұл адамдарда екпеден кейін болатын асқынулар көбіне вакциналарды дұрыс тасымалдап, сақтамағаннан" дейді. Орталық мамандарының тексерістері барысында барлық жеткізушілердің вакциналарды тасымалдау кезінде температуралық режимдерді сақтамайтыны анықталған.
2018 жылы елімізге 2 млн вакцина жеткізілген. Үш жылда вакцина құрамына кері әсерге байланысты үш жағдай ғана зертхана зерттеуі арқылы расталған. Осы жылдар ішінде қазақстандықтардан екпенің кері әсеріне қатысты 70 шағым келіп түскен.
ІІМ 10 мың 600 полиция қызметкерін қысқарту жобасын ұсынды
Ішкі істер министрлігі Қазақстан Республикасының ішкі істер органдарын жаңғырту жөніндегі 2019 – 2021 жылдарға арналған жобаны талқылауға шығарды. Егер жоба қабылданса, ІІМ штаты 10 мың 592 адамға қысқарады. Оның 1500-ден астамы – қылмыстық атқару жүйесі саласындағы қызметкерлер.
Аймақтарда әкімшілік полицияның 4380 қызметкері жұмыстан шығарылады. Азаматтық қорғау органдары, Ұлттық гвардия мен госпитальдардың штат саны қысқартуға ілікпейді. Министрлік таратқан мәліметке сүйенсек, жобаны жүзеге асыруға бюджеттен қосымша қаражат шығындалмайды. Ал, қысқартулардан үнемделген қаражат сала қызметкерлерінің жалақысын көтеруге жұмсалады.
Қазақстандық БАҚ не жазды:
Inform.kz: FlyArystan әуе компаниясы 12 күнде 16 мыңға тарта билет сатқан. 1 мамырдан бастап биылғы жылдың соңына дейін FlyArystan 1 миллионға жуық жолаушыны тасымалдауы мүмкін. Билет құны ұлттық әуе тасымалдаушылармен салыстырғанда кем дегенде екі есеге арзан.
Baq.kz: Елордада кәсіп бастау үшін не істеу керек? Қазіргі таңда елімізде шағын және орта бизнесті дамытуға арналған түрлі бағдарламалар бар. Солардың бірі – "Көше саудасына – 1000 орын" бағдарламасы. Бұл бағдарлама бойынша кәсіп бастау үшін не істеу керек?
1-қадам. Халыққа қызмет көрсету орталығына барып, жеке кәсіпкер немесе заңды тұлға ретінде тіркелу қажет.
2-қадам. Өзіңіз таңдаған екінші деңгейлі банктің біріне барып, есепшот ашу керек.
3-қадам. Салық органына барып, қарызыңыздың бар-жоғы туралы анықтама аласыз.
4-қадам. Тиісті құжаттарыңызды жинаған соң, өзіңіз алғалы отырған жер учаскесін алуға өтінім жібересіз.
Tengrinews.kz: Әлемнің қай елдерінде өлім жазасы жиі қолданылады? Өлім жазасына кесу бойынша көшбасшы елдер қатарында Қытай, Иран, Сауд Арабиясы, Вьетнам және Ирак сынды мемлекеттер бар. Алайда осы зерттеу нәтижесінде Қытай мәліметтері есептелмеген. Өйткені, Қытайда мыңдаған өлім жазасы шарасы мемлекеттік құпия ретінде қаралады екен. Сондай-ақ, Иран, Ирак, Пәкістан және Сомалиде өлім жазасына кесу деректері азайған. Мысалы, Иранда 50 пайызға азайыпты. Ал Беларусь, Жапония, Сингапур, Оңтүстік Судан және АҚШ-та бұл көрсеткіш өскен.