Тікелей эфир

Жұмысы тоқтаған кәсіпорындар қызметіне қайта кірісуде. Бизнес өкілдері не білуі керек?

Сурет depositphots.com сайтынан алынды
Сурет depositphots.com сайтынан алынды
Қызмет түрлерінің кейбірі тексеруден өтсе, 90 пайызы тексерусіз жұмысын бастай алады.

Қазақстанда карантиндік шектеулерге байланысты 830 мыңға жуық бизнес жұмысын тоқтатқан. Бас санитар дәрігердің қаулысымен кәсіпкерлер 17 тамыздан бастап infokazakhstan.kz порталында тіркеуден өтіп, жұмысын бастауға рұқсат ала алады.

№1. Сайт арқылы кімдер өтінім береді?

Бас санитар дәрігердің 2020 жылы 14 тамыздағы №47 қаулысына сәйкес барлық кәсіпкерлер (ТЖ және карантин кезінде қызметінің тоқтауы-тоқтамағанына қарамастан) шектеулі шаралар кезеңіндегі санитарлық-эпидемиологиялық талаптармен танысу үшін www.infokazakhstan.kz сайтында міндетті түрде тіркелу қажет. Сайт арқылы рұқсат алмастан жұмысын бастап кеткен кәсіпкерлердің қызметі заңсыз саналады.

№2. Қызмет түрі карантин уақытында тоқтамаса, тіркеуге өтінім беру қажет пе?

Иә, өтінім беру қажет, бірақ тексеру жүргізілмейді. Өйткені, кәсібіңіз хабараландыру тәртібіндегі рұқсатқа ие. Сайтта тіркелу арқылы жұмысыңызды жалғастыру туралы хабардар етесіз. Қызметі тоқтамаса да, барлық кәсіпкерлер өтінім жіберуге міндетті.

Оқи отырыңыз: 17 тамыздан сауда үйлері, сұлулық салондары мен фитнес орталықтар жұмысын бастайды

№3. Қандай қызмет түрлері тексеруден өткен соң ғана жұмысын бастайды?

Әкімдік қызметкерлері, санитарлық-эпидемиологиялық қызмет, өңірлік кәсіпкерлік палаталары және қоғам өкілдерінен құралған мониторингтік топ кәсіпкерлік қызметтің келесі түрлерін тексереді:

  • сауда және ойын-сауық орталықтары, сауда үйлері;
  • азық-түліктік сауда базарлары, азық-түліктік емес базарлар;
  • балалар сауықтыру лагерлері;
  • компьютерлік клубтар, бильярд және боулинг залдары.

№4. Infokazakhstan.kz сайтында қалай тіркелуге болады?

  1. InfoKazakhstan сайтына кіріп, нысанды электронды цифрлық қолтаңба арқылы тіркеп, бас санитарлық дәрігер қаулысын жүктеп, кәсіп түріне қойылған талаптармен танысу қажет. Содан соң электронды цифрлық қолтаңбамен растау керек.
  2. Нысанды санитарлық талаптарға сәйкес дайындау.
  3. Мониторингтік топтың тексеруінен өту.
  4. Тексеру нәтижесі оң болса жеке кабинетте жұмысты қайта бастауға санитарлық нормаларға сәйкестік актісін жүктеп алып, іске кірісуге болады. Нәтиже теріс болса, онда олқылықтарды реттеп, өтінімді қайта жіберіңіз.

№5. Жұмысты тексеруісіз бастау үшін не істеу керек?

Бас санитар дәрігердің қаулысына сәйкес бизнес түрлерінің шамамен 90 пайызы тексерусіз, хабарландыру тәртібінде іске қосылады. Ол үшін кәсіп иесі:

  • InfoKazakhstan сайтына кіріп, нысанды электронды цифрлық қолтаңба арқылы тіркеу;
  • Бас санитар дәрігердің қаулысын жүктеу және кәсібіңізге қойылған санитарлық талаптармен танысып, оны электронды цифрлық қолтаңба арқылы растау;
  • Жеке кабинетте және электронды поштада дайындық туралы актісін алып, жұмысты бастау.

Оқи отырыңыз: Тауда тынығуға тыйым, коммуналдық төлем, карантин талаптары. Алматыда эпидахуал қандай?

№6. Сайттың ұзақ жұмыс істеуіне не себеп?

Infokazakhstan.kz сайтына кірмес бұрын, компьютерде NCALayer бағдарламасының қосылғанына көз жеткізіңіз. Онсыз сайтқа кіріп, электронды цифрлық қолтаңбамен қол қою мүмкін емес. https://pki.gov.kz/ncalayer/ сілтемесі арқылы NCALayer-ді жүктеп алуға болады.

Өтінім беруге қатысты сұрақтарға бірыңғай байланыс орталығы 1432 және @InfoKazakhstanbot телеграм-боты жауап береді.

№7. Сауда және ойын-сауық орталығымен қоса оны жалға алушылар да тексеуден өтуі қажет пе?

Сауда және ойын-сауық орталығының әкімшілігімен бірге жалға алушылар даөтінім беруге міндетті. Қызмет түрін таңдағанда "Сауда және ойын-сауық орталығының, сауда орталығының жалға алушысы" тармағын таңдау керек. Жалға алушылар өз қызметтерін хабарламасыз негізде тексерусіз жалғастырады. Өтініш бергеннен кейін бірден сәйкестік туралы акт алып, қызметке кірісе аласыз

№8. Жұмыс істеуге рұқсат берілгенін қалай білуге болады?

Кәсіпкерлерге infokazakhstan.kz порталында санитарлық нормаларға сәйкестік актісі электронды форматта беріледі. Оны басып шығарып, кіреберіске іліп қою керек.

Сондай-ақ өтініш берушінің телефон нөміріне бас санитар дәрігердің соңғы қаулысы келіп түседі. Қаулыда кейіннен қандай да бір өзгерістер болса, кәсіпкердің жеке кабинетіне және электронды поштасына түсініктемелермен бірге жіберіледі. Ақпаратты кәсіпкер тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің сайтынан немесе ашық көздерден іздемейді.

Оқи отырыңыз: Елде жұмыссыздар саны 8 есе артты. 42 500 теңге әлеуметтік төлем тағы беріле ме?

№9. Қаулыда жұмыс кестесі көрсетілмеген қызмет түрі қандай режимде жұмыс істейді?

Қаулыдағы нысандар тізімінде жұмыс кестесі көрсетілмесе, олар қалыпты, яғни шектеу шаралары енгізілгенге дейінгі штаттық режимде жұмыс істей береді.

№10. Азаматтар бизнес қызметіне қатысты шағымдана ала ма?

Азаматтар режим талаптарын бұзғандар туралы infokazakhstan.kz порталы арқылы хабарлай алады. Кез келген ғимарат ішінде режим талаптарының бұзылғанын суретке түсіріп жіберуге болады. Кәсіпкер мониторингтік топ келгенше кемшіліктерді түзей алады. Ал талаптарды орындамағандарға айыппұл салынады.

Серіктестер жаңалықтары