Тікелей эфир

17 тамыздан сауда үйлері, сұлулық салондары мен фитнес орталықтар жұмысын бастайды

Фото Informburo.kz
Фото Informburo.kz
Мемлекеттік комиссия 17 тамыздан бастап карантин шараларын кезең-кезеңімен алып тастау жоспарын бекітті.

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен мемлекеттік комиссия отырысында эпидемиологиялық жағдайдың жақсарғанын ескере отырып, карантин шараларын кезең-кезеңімен алып тастау ұйғарылды. Қабылданған шешім бойынша, келер аптадан бастап еліміздің барлық өңірінде төмендегі нысандардың жұмысын қайта бастауға рұқсат етіледі:

  1. Сауда орталықтары, сауда үйлері, бутиктер, сауда желілері, жабық базарлар (сыйымдылығы 30%-дан аспауы тиіс, 1 келушіге 4 ш. м);
  2. Сұлулық салондары, шаштараз, СПА орталықтары, косметологиялық қызмет көрсететін нысандар (алдын ала жазылу бойынша 1 келушіге 4 ш.м.);
  3. Бассейні жоқ фитнес орталықтары (сыйымдылығы 50%-дан аспауы тиіс, 1 келушіге 5 ш.м.), бассейні жоқ моншалар мен сауналар (толымдылығы 50%-дан аспауы тиіс, 1 келушіге 4 ш.м.);
  4. Балаларға арналған түзету кабинеттері, балалар және ересектерге білім беру орталықтары (топтарда – 5 адамнан артық емес, жазылу бойынша);
  5. Мектепке дейінгі балалар мекемелерінің кезекші топтары (15 адамнан артық емес);
  6. Ашық ауадағы аттракциондар (қашықтықты сақтау, маска тағы, адамдар ағынын реттеу).

Оқи отырыңыз: Үйде емделушілерге дәрі-дәрмек тегін беріледі. Ол үшін коронавируске күдік болса, емханаға тіркелу қажет

Жұмыс берушілерге қызметкерлердің кемінде 80% үшін қашықтан жұмыс істеу форматын сақтау ұсынылады.

Сондай-ақ, таза ауада жеке және топтық жаттығулар жасауға (5 адамнан артық емес) және ұлттық құрама, клуб командалары үшін спорттық жаттығулар жасауға (30 адамнан артық емес, спорт базаларында тұру, эпидемияға қарсы шараларды және алдын алу шараларын сақтау) рұқсат етіледі.

Қоғамдық көліктер соңғы аялдамада дезинфекциялау мен желдетуді қамтамасыз етумен, отырғызу орындарының толуына қарай жүре бастайды.

Оқи отырыңыз: Пандемия басталғалы 33 қазақстандық тұрмыстық жанжал барысында көз жұмған

Салынған тыйым сақталады: ойын-сауық, спорттық, отбасылық, естелік, салтанатты және басқа да бұқаралық іс-шараларды өткізуге, сонымен қатар үйде өткізуге; барлардың, түнгі және ойын клубтарының, караоке, фудкорттардың, кинотеатрлардың және балалар мен ересектерге арналған басқа да ойын-сауық орындарының жұмысына; мәдениет нысандарының, музейлердің қызметіне, конференциялар, көрмелер, форумдар өткізуге; бассейндер, қалалық және қоғамдық жағажайлар, ашық аквапарктердің жұмысына; діни нысандардың жұмысына; қала маңындағы жолаушылар пойыздарының/электричкалардың қозғалысына, жұмыс пойыздарын, қалааралық автобустарды/микроавтобустарды қоспағанда, ортақ вагондарды құруға.

"Эпидемиологиялық жағдайды одан әрі тұрақтандыру мақсатында демалыс күндері шектеу шаралары сақталады. "Маска режимі мен әлеуметтік қашықтықты сақтау ‒ барлық адамдар үшін сақталуы тиіс міндетті санитарлық талаптар және бұл азаматтардың күнделікті өміріндегі ережелерге айналуы қажет. Бизнес субъектілерінің қызметін олар толық дайын болған жағдайда ғана қайта бастау қажет", – деді Үкімет басшысы.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша, Қазақстанда карантин шаралары күшіне енгізілген кезеңде эпидемиологиялық ахуал тұрақтанып, медициналық ұйымдардың жүктемесі айтарлықтай төмендеген. Вирусты жұқтырудың тәуліктік өсімі 4%-дан 0,5%-ға дейін түскен. Сауығып шыққан адамдар саны 76%-ға жетті. Репродуктивтіліктің орташа көрсеткіші 0,78-ге дейін төмендеді, төсек орындарының жүктемесі 26%-ды құрайды.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары