Қазақстанда алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстары 93%-ға орындалды. Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен кеңесте өңірлердің дайындық барысы талқыланды.
Энергетика министрлігінің мәліметінше, энергия көздері жылыту маусымын бастауға қажетті жабдықтармен және отынның нормативтік қорымен қамтамасыз етілген. Қазір 4 энергоблок, 28 қазандық және 18 турбина жөндеуден өткен. Тағы 3 энергоблок, 26 қазандық және 21 турбинада жұмыстар жалғасып жатыр. Жылу және электр желілерін дайындауға биыл 196,8 млрд теңге қарастырылған. Оның ішінде "Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту" ұлттық жобасының қаражаты да бар.
Реконструкциялау және күрделі жөндеу жүргізілуі тиіс 377 шақырым жылу желісінің 352 шақырымы дайын. Бұл жоспардың 93%-ын құрайды. Жылыту маусымы аяқталғаннан кейін жылу желілерінің тозуын 48%-ға дейін төмендету жоспарланып отыр. Жылу көздерін, жылу және электр желілерін дайындау үшін Үкімет резервінен 27,9 млрд теңге бөлінген. Биыл электр станцияларын реконструкциялауға жалпы 384 млрд теңге бағытталады.
Энергетика вице-министрі Ерлан Ақбаровтың айтуынша, энергия нысандарының қоймаларында 4,8 млн тонна көмір және 127 мың тонна мазут бар. Бұдан бөлек, 255 мың тонна әлеуметтік мазут жеткізу кестесі бекітілген. Алдағы жылыту маусымында халық пен коммуналдық-тұрмыстық сектордың көмірге сұранысы 7,3 млн тонна болады деп күтіледі.
Үкімет отырысында білім беру, денсаулық сақтау нысандары, автономды қазандықтар мен тұрғын үйлердің дайындығы да қаралды. Мәлімет бойынша, 10 913 білім беру нысаны, 5 394 медициналық нысан, 14 939 автономды қазандық және 53 610 тұрғын үй жылыту маусымына дайын. Өңірлердегі жұмыстар да жалғасып жатыр. Абай облысында 53,7 шақырым жылу желісін ауыстыру жұмыстары жүргізілуде. Қазандықтарды жөндеу 95%-ға аяқталған. Барлық жұмысты қыркүйек соңына дейін аяқтау жоспарланған.
Ақмола облысында 37 шақырым жылу желісі жөнделіп, төрт блокты-модульді қазандықтың құрылысы аяқталған. Солтүстік Қазақстан облысында Петропавл ЖЭО-2 жылыту маусымын бастауға дайын. Өңірде жылыту маусымы 28 қыркүйекте басталады.
Ұлытау облысында тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың дайындығы қамтамасыз етілген. Жезқазған ЖЭО-дағы төрт қазандық пен төрт турбина жөнделіп, №11 қазандық күрделі жөндеуден өткен.
Премьер-министр Олжас Бектенов қалған жұмыстарды белгіленген мерзімде аяқтап, жылуды тұрғындарға уақтылы беруді қамтамасыз етуді тапсырды.
"Азаматтарды жылумен үздіксіз қамтамасыз ету – Үкімет жұмысының басым бағыттарының бірі. Президенттің тапсырмасы бойынша жөндеу жұмыстарын қаржыландыру ұлғайтылды. Жергілікті әкімдер барлық нысанның, әсіресе әлеуметтік және өнеркәсіптік инфрақұрылымның дайындығын жеке бақылауда ұстауға тиіс", – деді ол.