Балаларды әлеуметтік желіден қорғау: депутат Үкіметке төрт ұсыныс жолдады

Фото: msn.com
Фото: msn.com
Балалардың 88 пайызында жеке смартфон бар.

Қазақстанда 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерге тіркелуіне шектеу қою тетігін нақтылау ұсынылды. "Әділет" фракциясының мүшесі, депутат Жанарбек Әшімжан Үкіметке депутаттық сауал жолдап, балалардың цифрлық ортадағы қауіпсіздігін күшейтуді сұрады.

Депутаттың айтуынша, әлеуметтік желі балалардың уақыт өткізетін ортасы ғана емес, олардың психологиясына, денсаулығына, мінез-құлқына және оқуына әсер ететін факторға айналған.

Жанарбек Әшімжан әлеуметтік желіні шамадан тыс пайдаланудың балалардың оқуына, спортпен айналысуына, кітап оқуына және отбасымен қарым-қатынасына бөлетін уақытын азайтатынын атап өтті.

Оның айтуынша, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының зерттеуінде әлеуметтік желіні проблемалық деңгейде пайдаланатын жасөспірімдердің үлесі 2018 жылғы 7%-дан 2022 жылы 11%-ға өскен.

Қазақстанда да көрсеткіш алаңдатарлық. 2023 жылы ЮНИСЕФ-пен бірлесіп жүргізілген зерттеуге сәйкес, 9–10 жастағы балалардың 60%-ы, ал 11–12 жастағылардың 66%-ы әлеуметтік желіде аккаунт ашқан. Балалардың 88%-ында жеке смартфон бар. Онлайн-буллинг мәселесі де өзекті. Балалар әл-ауқаты индексіне сәйкес, 10–18 жастағы балалардың әлеуметтік желілер арқылы буллингке ұшырау көрсеткіші 2024 жылғы 15%-дан 2025 жылы 33,5%-ға дейін өскен.

Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желіге тіркелуіне заң арқылы шектеу қою бастамасын қолдаған еді. Алайда Жанарбек Әшімжан бұл үшін тек заң қабылдау жеткіліксіз деп санайды. Оның пікірінше, баланың жасын цифрлық кеңістікте анықтау, жеке деректерін қорғау және жалған аккаунт арқылы шектеуді айналып өтудің алдын алу тетіктерін нақтылау қажет.

Осыған байланысты депутаттар Үкіметке:

  • 16 жасқа дейінгі балалардың әлеуметтік желіге тіркелуіне шектеу қою тетігін нақтылауды;
  • балалардың жеке және цифрлық деректерін қорғауды күшейтуді;
  • мектептерде цифрлық гигиена мен медиасауаттылықты жүйелі түрде оқытуды;
  • әлеуметтік желінің балалардың психологиялық жағдайына, ұйқысына және оқу үлгеріміне әсерін зерттейтін ұлттық мониторинг жүйесін енгізуді ұсынды.

Депутат Үкіметтен ұсыныстарға заңнамада белгіленген мерзімде жауап беруді сұрады.

Серіктестер жаңалықтары

Подтверждение Email

Для возможности отправлять комментарии и оформить подписку вам необходимо подтвердить ваш адрес электронной почты. Письмо с ссылкой для подтверждения было отправлено на . Пожалуйста, проверьте свою папку "Входящие" или "Спам".

Телефон нөмірін растау