Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованы Атырау облысында болған оқушылар арасындағы буллинг жағдайына қатысты пікір білдірді. Оның ойынша, бұл мәселе мектеп директорын қызметтен босатумен шешілмейді.
"Балалар арасындағы буллинг, төбелес, әлімжеттік және өзге де осындай келеңсіз нәрселерге басқарушылық тұрғыдан да, құқықтық тұрғыдан да баға берілуі тиіс. Бірақ, мұндай жағдайлар болған кезде мектептің директорын босата беру, менің ойымша – қисынсыз. Оқу жылының ортасында оқушылар арасында осындай жағдай болып, біз директорды қызметтен босата беретін болсақ, онда бізде мектеп директоры шақ келмейді. Сондықтан, мұндай үлкен проблемаға жауапкершілікті тек директордан емес, жалпы қоғамнан, оның ішінде мектеп әкімшілігінен, ата-аналардан, педагогтардан, білім беру басқармаларынан, сонымен қатар уәкілетті органдардан да талап етуіміз керек. Осылайша, проблеманы жүйелі түрде шешуіміз қажет", – деді Жұлдыз Сүлейменова.
Оқу министрі осы өзекті мәселе бойынша өңірлерде кешенді жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.
"Бүгінгі таңда Оқу-ағарту министрлігінің алдында осы оқушылардың арасындағы, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықты мейлінше азайту, сонымен бірге мейлінше буллингтің алдын алу мен жоюға байланысты кешенді, жүйелі шараларды қабылдап келеміз. Мен өткен жылы Жамбыл, Қызылорда облыстарына барып, күштік органдармен бірлесіп, прокуратураның қызметкерлерінің қатысуымен келелі кеңес өткіздім. Өткен аптада дәл сондай кеңесті менің орынбасарым Түркістан облысында өткізді. Мұның бәрі жалпы Оқу-ағарту министрлігінің алдында булинг мәселесін реттеу бүгінгі таңдағы өзекті проблема екенін айқындайды", – деді министр.
Еске салайық, Құлсары қаласында А.С. Пушкин атындағы №6 мектепте 10-сынып оқушысы мектепте балтамен өзге оқушыларды қуып, қауіп төндірген болатын. Бұл оқиғадан соң қызметтік тексеру жүргізіліп, оқу орнының басшысына қатаң сөгіс берілді. Ал келесі күні мектеп директоры қызметтен кету жөнінде өтініш беріп, бұл өтініш қанағаттандырылды.
USD:
494.5 / 497.5
EUR:
586.0 / 590.0
RUB:
6.37 / 6.49

