"Әділет" партиясының фракциясы мүгедектігі бар балаларды қолдау жүйесін жетілдіруді ұсынды. Бұл туралы фракция депутаты Елдос Баялышбаев премьер-министр Олжас Бектеновке жолдаған депутаттық сауалында айтты.
Депутаттың мәліметінше, 2025 жылдың соңында Қазақстанда 18 жасқа дейінгі 120 013 мүгедектігі бар бала тіркелген. Оның айтуынша, олардың арасында интеллектісі толық сақталған, білім алуға қабілетті, бірақ қозғалысы шектеулі балалар бар.
"Мұндай балалар білім алып, спортпен айналысып, жоғары оқу орнында оқып, болашақта өз әлеуетін толық жүзеге асыра алады. Алайда физикалық шектеулер көбіне баланың денсаулығына емес, қоршаған орта мен қолдау шараларының оның жеке қажеттіліктеріне толық сәйкес келмеуіне байланысты", – деді Елдос Баялышбаев.
Депутат инклюзивті білім беру жүйесінде интеллектісі сақталған балаларға арналған ресурстық сыныптар мен бағдарламалар қарастыруды ұсынды. Оның пікірінше, оқыту форматы баланың қажеттілігіне қарай икемді болуы керек. Қажет болған жағдайда жекелеген пәндерді онлайн оқуға мүмкіндік берілуі тиіс.
Сонымен қатар Баялышбаев мүгедектігі бар адамдардың "Болашақ" бағдарламасына қатысуына арнайы тетіктер енгізуді, оның ішінде жеке квота қарастыруды ұсынды.
Спорт саласында депутат мүгедектігі бар балалардың тұрғылықты жеріне жақын бассейндерге, спорт секцияларына, фитнес орталықтарына және басқа да нысандарға бару шығынының 70-100 пайызын өтеу мүмкіндігін қарастыруды сұрады.
"Бұл баланың денсаулығын нығайтуға, спортпен айналысуына және қалыпты ортада әлеуметтенуіне мүмкіндік береді", – деді депутат.
Бұдан бөлек, Елдос Баялышбаев мүгедектігі бар адамдар мен олардың ата-аналарына арналған жыл сайынғы инновациялық жобалар байқауын өткізуді ұсынды. Оның аясында ортопедиялық құрылғылар, бейімделген жиһаз, оңалту және спорт жабдықтарын әзірлеуге грант беру ұсынылды. Депутат гранттық қаржыландыру прототип жасаудан бастап өнімді нарыққа шығаруға дейінгі кезеңді қамтуы керек деп санайды.