Алматы әкімі Дархан Сатыбалды мемлекеттік мектептердің басшыларымен кеңес өткізіп, білім сапасын арттыру, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қаржылық тәртіпті күшейту және жаңа оқу жылына дайындық мәселелерін талқылады, деп хабарлайды әкімдіктің баспасөз қызметі.
Кеңес барысында қала басшысы Алматының еліміздегі ғылым мен білімнің басты орталықтарының бірі екенін атап өтіп, білім беру жүйесінің алдында тұрған негізгі міндеттерге тоқталды.
Алматы – еліміздің ғылым мен білім орталығы. Білім беру жүйесінің алдында оқыту сапасын арттыру, тәртіпті нығайту, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және бюджет қаражатын тиімді пайдалану бойынша маңызды міндеттер тұр, – деді Дархан Сатыбалды.
Қазір Алматыда 360 орта білім беру ұйымы жұмыс істейді. Онда 357 мыңнан астам оқушы білім алып, шамамен 30 мың педагог еңбек етеді. 2026 жылы білім саласын дамытуға 434 млрд теңге бөлінген. Бұл қала бюджетінің 15,4 пайызын құрайды.
"Кеңесте білім сапасын арттыру мәселесіне ерекше назар аударылды. 2025-2026 оқу жылының төртінші тоқсаны қорытындысы бойынша қаладағы білім сапасының көрсеткіші 66 пайыз болған. Әкім мегаполистің білім беру жүйесі бұдан да жоғары нәтижелер көрсетуі тиіс екенін айтып, жұмысты күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ білім сапасы төмен мектептердің көрсеткіштерін жақсарту үшін себептерге кешенді талдау жүргізіп, әрбір білім беру ұйымына жеке жоспар әзірлеу қажеттігі айтылды. Инфрақұрылымды дамыту мәселесі де күн тәртібінде болды. Қазіргі таңда қалада шамамен 30 мың оқушы орны жетіспейді. Осыған байланысты 2030 жылға дейін жалпы сыйымдылығы 105 мыңнан астам орынға арналған 69 мектеп салу жоспарланған. Биылдың өзінде 40 мың орындық 37 білім беру нысаны пайдалануға берілген. Оның ішінде Келешек мектептері ұлттық жобасы аясында салынған жаңа мектептер де бар. Балалардың қауіпсіздігі мәселесіне тоқталған қала әкімі мектептердегі бейнебақылау, дабыл батырмасы және кіруді бақылау жүйелерінің тиімді жұмысын қамтамасыз етуді тапсырды. Сонымен қатар тәуекел тобына жататын оқушыларды ерте анықтау және профилактикалық жұмыстарды күшейту қажеттігін атап өтті, – делінген хабарламада.
Кеңесте қаржылық тәртіп мәселесі де қаралды. Дархан Сатыбалды мектеп директорлары бюджет қаражатының заңды әрі тиімді жұмсалуына дербес жауапты екенін ескертіп, мемлекеттік сатып алу рәсімдерінің ашықтығын қамтамасыз етуді тапсырды.
Жаңа оқу жылына дайындық аясында биыл 293 мыңға жуық оқушыны жазғы демалыспен қамту жоспарланған. Сонымен қатар 159 мемлекеттік мектепте жалпы құны 3,6 млрд теңгені құрайтын ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Кеңес қорытындысы бойынша қалалық білім басқармасына білім сапасы, балалардың қауіпсіздігі, мектептердің жаңа оқу жылына дайындығы және білім беру ұйымдарында заң мен тәртіп қағидатын сақтау мәселелерін тұрақты бақылауда ұстау тапсырылды.