Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің археолог-ғалымдары Еуразия даласында кездеспейтін ірі көлемдегі қола дәуірінің дала пирамидасын тапты. Бұл туралы университеттің баспасөз қызметі жазды.
Қазба жұмыстары Абай облысында жүргізілуде. 2014 жылдан бастап ЕҰУ тарих факультеті археология және этнология кафедрасының ғалымдары Абай облысы, Абай ауданы Тоқтамыс елді мекенінің жанындағы Қырықүңгір кешенді ескерткішінде археологиялық қазба жұмыстарын жүргізіп келеді. Оған университет студенттері мен магистранттары атсалысты. Жүргізілген зерттеу жұмыстарының нәтижесінде Еуразия даласында кездеспейтін ірі көлемдегі біздің дәуірімізге дейінгі екінші мыңжылдықтың басы, яғни осыдан төрт мың жыл бұрынғы қола дәуірінің дала пирамидасы табылды.
"Дала пирамидасы өте дәлдікпен салынған: алты қырлы. Әрбір қырының арасы он үш метр және сегіз қатар таспен қаланған. Ортасында бірнеше шеңберлері бар. Бұл – өте күрделі кешенді құрылыс. Сол кешендегі құрылыстың сыртындағы қабырғаларында әртүрлі жануарлардың, әсіресе жылқының суреттері көп бейнеленген. Сонымен қатар түйенің де бейнелері бар. Қазбадан табылған мәліметтер, қыш ыдыстар, әйел адамның алтын сырғасы және тағы басқа әшекей бұйымдар осы қола дәуірінің үлкен көне дәуірде мәдениеті, ошағы болғандығын көрсетеді", – деді тарихшы ғалым, ЕҰУ археология және этнология кафедрасының меңгерушісі Ұлан Үмітқалиев.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта зерттеулер шетелдік ғалымдармен бірлесіп жүргізілуде.
Оқи отырыңыз: Cambridge мамандары Шығыс Қазақстан облысындағы тарихи ескерткіштерді зерттеді.