Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы еліміздегі мұсылман қауымды жаназа намазы мен құдайы асқа қатысудың арнайы ережелерін сақтауға шақырды.
Жаназа намазы:
- намазға бір ғана діни қызметкерді қатыстыру;
- намазға тек отбасы және жақын тумалардың қатысуы;
- намазға жалпы саны 30 адамнан артық жиналмау;
- бойында дене қызуы немесе жөтелі бар кісінің жаназа намазына мүлде қатыспауы;
- намазға келуші кісі міндетті түрде санитарлық нормаларды (бетперде тағу, медициналық қолғап кию және екі метрден кем емес арақашықтық) сақтауы;
- індеттен қайтыс болған мәйітті дәрігердің нұсқаулығына сай жуу;
- намаз бен уағыздың жалпы уақытын 5 минуттан асырмау;
- намаз барысында қол алысып амандаспау;
- намаз сабын түзегенде кемінде екі метр қашықтықты сақтау;
- қабір басында мәйіт жер қойнына тапсырылғаннан кейін жамағатты тездетіп қайтару;
- жасы үлкен кісілер, денсаулығы нашар адамдар (ер және әйел) және жас балаларды намазға қатыстырмау;
- қонақ асын өткізбеу;
- жаназадан кейінгі асты өткізбеу немесе отбасы мүшелерімен шектелу.
Құдайы ас (жетісі, қырқы, жүзі, жылы және тағы басқа):
- асты өткізбеу немесе отбасы мүшелері, жақын тумаларымен шектелу;
- бір ғана діни қызметкерді қатыстыру;
- санитарлық нормаларды (бетперде тағу, медициналық қолғап кию және арақашықтық) сақтау.
Оқи отырыңыз: Коронавирус жұқтырып, қайтыс болғандар қалай жерленеді? Министр бұйрығы, ҚМДБ пәтуасы және шетел тәжірибесі
"Шариғатта қандайда жұқпалы аурудың белгісі тараған кезде аурудың етек алуын тоқтатуда карантин қажет екені атап айтылған. Сондықтан қазіргідей көзге көрінбейтін зиянды дерт тараған кезде оның алдын алу – әрбір мұсылман баласы үшін міндет. Сізде жөтел пайда болып, бойыңызда дене қызуының жоғарылауы байқалса немесе тыныс алу қиынға соққан жағдайда дер кезінде дәрігерге жүгінуге, сондай-ақ, қоғамдық орындарға, тіпті мешітке келуді тоқтатып, құлшылықтарыңызды үйлеріңізде орындауға кеңес береміз!" делінген Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының үндеуінде.