Қазақстан азаматы Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындау және жоғары оқу орнына кепілді түрде түсіру қызметін ұсынамын деп 32 азаматты алдап, 28 миллион теңгеден астам қаржыны иемденген. Халықаралық іздеуде жүрген күдікті Албанияда ұсталып, Қазақстанға экстрадицияланды, деп хабарлайды Бас прокурутура.
Бас прокуратураның мәліметінше, күдіктіні Қазақстанның Албаниядағы Елшілігінің қолдауымен Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігінің Интерпол Ұлттық орталық бюросының қызметкерлері елге экстрадициялаған.
"Тергеу мәліметіне сәйкес, 2022–2023 жылдары күдікті интернет арқылы жоғары сынып оқушыларын ҰБТ-ға дайындап, жоғары оқу орындарына кепілді түрде оқуға түсіру қызметін көрсететіні туралы жалған ақпарат таратқан. Оның заңсыз әрекетінен 32 азамат зардап шегіп, жалпы сомасы 28 миллион теңгеден астам қаржысынан айырылған. Қылмыс жасалғаннан кейін күдікті жасырынып, оған халықаралық іздеу жарияланған. 2025 жылдың мамыр айында ол Албанияда ұсталып, Қазақстан Бас прокуратурасының сұрауы бойынша елге экстрадицияланды", – делінген хабарламада.
Қазір күдікті тергеу изоляторына қамалды.
Аталған қылмыс үшін заңнамада мүлкін тәркілей отырып, 3 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.