2026 жылдың қаңтар – мамыр айларында Қазақстанда 35,1 мың тонна балмұздақ өндірілді. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы мәлімдеді.
Ведомствоның мәліметінше, балмұздақ өндірісі бойынша Алматы облысы көш бастап тұр. Өңірде бес ай ішінде 23,3 мың тонна өнім шығарылған. Бұл республикадағы жалпы өндіріс көлемінің 66,3 пайызын құрайды.
Балмұздақ өндіретін ірі өңірлердің қатарында Түркістан облысы (6 мың тонна), Алматы қаласы (1,3 мың тонна) және Ақмола облысы (1,1 мың тонна) бар.
Статистикаға сәйкес, өндірілген өнімнің басым бөлігін кілегейлі балмұздақ пен пломбир құрайды. Есепті кезеңде кілегейлі балмұздақтан 15,2 мың тонна, ал пломбирден 14,3 мың тонна өндірілген.
Ұлттық статистика бюросының дерегінше, бұл екі өнім түрі елдегі жалпы балмұздақ өндірісінің 80 пайыздан астамын құрайды.