25 тамыздан бастап адамның бейнесі дербес деректердің идентификаторы ретінде танылады. Осыған байланысты клиент немесе қызметкердің суреті мен видеосын оның келісімінсіз жариялау жауапкершілікке әкелуі мүмкін. Бұл туралы 31 арнаның "Информбюро" бағдарламасы хабарлады.
Дербес деректерді қорғауға қатысты жаңа талаптар әлеуметтік желідегі жарияланымдарға да қатысты. Яғни компаниялар мен кәсіпкерлер клиенттер мен қызметкерлердің фото-видеосын жарияламас бұрын олардың келісімін алуы қажет. Кейбір кәсіпкерлер мұндай келісімді бірнеше жылдан бері келісімшартқа енгізіп келеді. Мәселен, ағылшын тілі мектебінің жетекшісі әрі әдіскері Анна Зайцева Instagram парақшасы ашылғаннан бері клиенттерден фото және видеоны әлеуметтік желіде жариялауға рұқсат алып келе жатқанын айтты.
"Кейбіреулер бұған келіспейді. Бірақ жеті жыл ішінде екі адам баласын түсірмеуді сұрады. Біз олардың өтінішіне құрметпен қараймыз", – деді ол.
Адамның бейнесі енді аты-жөні немесе ЖСН секілді дербес деректердің қатарына жатады. Бұл талап хат алмасуларға, телефон нөмірі көрсетілген пікірлерге және құжаттардың фотосуреттеріне де қатысты.
Заңгер Александр Даниловскийдің айтуынша, адамның белгілі бір мақсатта суретін жариялауға берген келісімі басқа мақсаттарға автоматты түрде таралмайды.
"Қызметкер ұжымдық аккаунтқа суретін жариялауға рұқсат берсе, бұл оның суретін сыртқы баннерге немесе таргеттелген жарнамаға орналастыруға келіскені дегенді білдірмейді. Өйткені мақсат басқа", – деді заңгер.
Оның айтуынша, келісімнің мерзімі де шектеулі болуы керек. Мысалы, қызметкер жұмыстан кеткен жағдайда оның суреті бар материалдарды алып тастау қажет немесе мұндай жағдай келісімде нақты көрсетілге тиіс.
Егер адамның суреті интернетте оның рұқсатынсыз жарияланса, оны қайта жариялау да заң бұзушылық ретінде қарастырылуы мүмкін. Сондықтан SMM мамандары мен компанияларға фото-видео түсірілімін және оны қандай мақсатта пайдаланатынын алдын ала келісіп алу ұсынылады.