Қазақстан Республикасы мен Біріккен Араб Әмірліктерінің Ішкі істер министрліктері жүргізуші куәліктерін өзара тану және айырбастау туралы меморандумға қол қойды. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.
Құжатқа 2026 жылғы 25 маусымда Абу-Даби қаласында қол қойылған. Меморандум 2026 жылғы 25 шілдеден бастап күшіне енеді.
ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранованың айтуынша, келісім екі негізгі жағдайды қарастырады.
"Біріншісі – азаматтардың туристік, іскерлік немесе жеке мақсатпен уақытша сапарлары. Мұндай жағдайда Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері бір-бірінің қолданыстағы ұлттық жүргізуші куәліктерін өзара таниды. Бұл қазақстандықтарға БАӘ аумағында өздерінің жарамды ұлттық жүргізуші куәлігімен автокөлік басқаруға мүмкіндік береді. Екінші жағдай – Қазақстан азаматының Біріккен Араб Әмірліктеріне тұрақты немесе ұзақ мерзімге қоныс аударып, тұруға ықтиярхат алуы. Бұл ретте жүргізуші куәлігін жергілікті куәлікке емтихан тапсырмай-ақ айырбастауға болады", – деді Ақтоты Боранова.
Жаңа меморандум екі ел арасындағы көлік қатынасын жеңілдетіп, Қазақстан азаматтарының Біріккен Араб Әмірліктерінде көлік пайдалану мүмкіндіктерін кеңейтеді.