Тікелей эфир

Асхат Аймағамбетов Пермьдегі атыс жайлы: Әрбір оқу орнының басшысы балаларды қорғауға басымдық беруі тиіс

Министр әкімдіктердің бұл мәселені кешенді шешуі үшін қосымша қаражат бөліп отырғанын айтты.

ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Пермь университетінде атыс салдарынан көз жұмғандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтты. Сондай-ақ, зиян шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдірді.

"Қазан қаласындағы теракт кезінде жақындары қаза тапқандардың жан-жаралары әлі де жазыла қойған жоқ. Бүгінгі оқиға жығылғанға жұдырық болып отыр. Бұл қайғылы оқиғалар еліміздегі мектептерде, колледждер мен жоғары оқу орындарындағы қауіпсіздікті күшейтудің қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Оқу орындарының әрбір басшысы балаларды қорғау мәселесіне басымдық беруі тиіс. Ел президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев білім беру ұйымдарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттілігін атап өтті. Бұл мәселе үкімет отырысында егжей-тегжейлі қаралып, әкімдіктерге тапсырма берілді. Сондай-ақ ЖОО басшылығына оқу корпустары мен жатақханаларда қауіпсіздікті күшейту керектігі айтылды. Бұл тапсырмалар – жабдықтарды түгендеу, жедел басқару орталығына бейнекамераларды қосуды қамтамасыз ету, ЖОО-ға кіру режимін күшейту және төтенше жағдай туындаған кезде қабылданатын іс-қимылдар бойынша сабақтар өткізу", – деп жазды министр Facebook парақшасында.

Асхат Аймағамбетовтың сөзінше, қазіргі уақытта министрлік басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп білім беру объектілерінің терроризмге қарсы қорғалуын ұйымдастыру бойынша құжат әзірледі. Осы нормативті-құқықтық актіні талқылау барысында 2 000-нан астам сұрақ пен ұсыныс келіп түсті. Бұл құжат кейбір азаматтарды алаңдататынын білеміз. Олар дабыл батырмаларын, бейнебақылау жүйесін, турникеттерді орнатуға және төтенше жағдайдағы оқу-жаттығулар өткізуге қарсы екендігін жазды. Мен бұл ережелердің балаларға қауіп төндірмейтінін, керісінше, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және мұндай жағдайлардың алдын алуға бағытталғандығын мәлімдеймін.

"Әрбір білім беру ұйымында барлық қауіпсіздік шарасы қабылдануы қажет. Әкімдіктер бұл мәселені кешенді шешуі үшін қосымша қаражат бөлуде. Атап айтқанда, бейнебақылау камерасын, күзет сигнализациясы мен дабыл батырмасын орнату, жедел басқару орталығына бейнекамераларды қосу, өткізу режимін ұйымдастыру және қауіпсіздік жүйесінің басқа да элементтері қарастырылмақ. Қызметкерлер мен оқушылар техникалық шаралардан бөлек, төтенше жағдай кезіндегі іс-қимыл алогоритмін білуі қажет. Сонымен қатар, білім беру ұйымдарында тәрбие жұмысын күшейту де басты назарда болуы керек. Біз бұл мәселелерге ерекше көңіл бөлеміз", – деді министр. 

Еске салсақ, 20 қыркүйек күні Пермь мемлекеттік ұлттық зерттеу университетінің студенті корпустардың бірінде тұрып оқ атқан болатын. Нәтижесінде 8 адам көз жұмды. Күдікті қолға түсіру кезінде жарақат алды. Әзірге оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. 

Серіктестер жаңалықтары