"Ақша да, үй де жоқ". Ақтөбеде тұрғындар сатып алған пәтерінен қуылуы мүмкін

Фото: Depositphotos.com
Фото: Depositphotos.com
Компания да өзін жәбірленуші санайды.

Ақтөбеде жаңа пәтер сатып алған онға жуық отбасы баспанасынан айырылып қалуы мүмкін. Тұрғындардың айтуынша, олар «Домино» тұрғын үй кешенінен пәтерлерін құрылыс компаниясының менеджерімен келісімшарт арқылы сатып алып, ақшасын толық төлеген. Алайда кейін компания өкілдері оларды сотқа беріп, пәтерлерді босатуды талап еткен, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Тұрғындар пәтерлерге жөндеу жұмыстарын жүргізіп, қоныстанып үлгерген. Алайда бірнеше айдан кейін соттан хабарлама алған.

Тұрғындардың айтуынша, олар құрылыс компаниясының кеңсесіне барып, менеджермен келісімшарт жасаған. Пәтерлерін таңдап, ақшасын толық аударған. Кейін құжаттарды рәсімдеген менеджердің қаражатты заңсыз иемденгені анықталған.

Ақтөбе тұрғыны Гүлмира Сағынованың айтуынша, отбасы Құлсарыдағы үйі су тасқынынан зардап шеккеннен кейін мемлекет берген қаражатқа жаңа баспана алған.

"Біз бұл үйді сатып алғаннан кейін 5-6 айдан соң "үйді босатыңдар" деген хабарлама келді. Содан не ақша жоқ, не үй жоқ. Балаларым бар. Мен қай жаққа барамын?" – дейді тұрғын.

Тағы бір тұрғын Ләззат Алмағанбетова сот үкімі шыққанын айтып, менеджердің кінәсі дәлелденгенін алға тартты.

"Ешимова ANK Partners-тен 148 миллион теңгені жымқырып, өз қалауынша жұмсағаны үшін кінәлі деп танылды. Енді компания сол қызметкерден емес, пәтер сатып алған тұрғындардан ақшасын өндіріп алуға тырысып жатыр", – дейді ол.

Құрылыс компаниясының өкілдері тұрғындардың уәжіне қатысты өз позициясын білдірді. Компания адвокатының айтуынша, менеджер басшылықтың жоқтығын пайдаланып, жалған сенімхат жасап, 15 пәтерді заңсыз сатқан. Компания өкілі бұл пәтерлер бойынша шығынның сегізі өтелгенін айтты.

"Менеджер бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Оның келтірілген залалды алдағы уақытта өтей алмайтыны ескеріліп, компания өз мүлкін азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен өндіріп алуды шешті. Алдағы уақытта компания өз мүлкін өндіріп алу және аталған пәтерлерді заңды иелеріне қайтару бойынша жұмысты жалғастырады", – деді ANK Partners ЖШС адвокаты Айбек Қоянбаев.

Компанияның мәліметінше, сотталған менеджер кейбір пәтерлерді заңсыз сатып, кейін қайта сатқан. Сондықтан қазір пәтерлердің заңды иелері мен оларды сатып алған тұрғындар арасында дау туындаған.

Баспана мен қаражаттан айырылып қаламыз деп алаңдаған тұрғындар енді прокуратураға жүгінбек. Мәселе бойынша соңғы шешімді сот анықтайды.

Серіктестер жаңалықтары

Подтверждение Email

Для возможности отправлять комментарии и оформить подписку вам необходимо подтвердить ваш адрес электронной почты. Письмо с ссылкой для подтверждения было отправлено на . Пожалуйста, проверьте свою папку "Входящие" или "Спам".

Телефон нөмірін растау