Алматыда құрылыс бақылауы күшейді: заң бұзғандарға лицензия берілмейді

Фото: Алматы әкімдігі
Фото: Алматы әкімдігі
Екі компания лицензиясынан айырылды.

Алматыда құрылыс сапасын арттыру және тұрғындардың құқықтарын қорғау бойынша жұмыс күшейіп жатыр. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Бейбіт Шаханов Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.

Оның айтуынша, әкімдіктің басты міндеті – құрылыс саласында тәртіп орнатып, заң бұзушылықтарға жол бермеу. Әсіресе үлестік қатысу арқылы тұрғын үй салу бағыты ерекше бақылауда.

"Құрылыстың сапасы, мерзімі және келісімшарт талаптарының орындалуы тұрақты түрде тексеріледі. Егер заң бұзылса, ескерту жасаймыз, айыппұл саламыз немесе қажет болса, жұмысты тоқтатамыз", – деді әкім орынбасары.

Жоба басталар алдында барлық рұқсат құжаттары мен қаржылық кепілдіктер тексеріледі. Бұл болашақ үлескерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Сонымен қатар, әкімдік тұрғындарға сенімді құрылыс компанияларын таңдауға көмектесу үшін ашық ақпараттық тізім жүргізіп, оны үнемі жаңартып отырады.

Биыл екі компания – "СК 7 Строй" ЖШС және AsiaMax ЖШС лицензиясынан айырылды. Сондай-ақ СК MEGARON ЖШС бойынша тексеру жүргізіліп жатыр. Ал "Құрылысшы-ТБС" ЖШС лицензиясының бір бөлігі тоқтатылып, "Алатау сапа құрылыс" ЖШС техникалық қадағалау құқығынан айырылған.

Бейбіт Шахановтың айтуынша, бұл шаралар әділдік орнатып, қала тұрғындарының мүддесін қорғауға бағытталған.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары